RU

Қазақстанда жыл басынан бері 3 327 адам пневмониядан көз жұмған

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн-брифинг барсында елімізде пневмониядан неше адам қайтыс болғанын хабарлады деп жазды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов: Original
"Биылғы 1 қаңтардан 15 шілдеге дейін пневмонияға шалдығудың 234 187 дерегі тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 3,3 есе өскен.

Бұл көрсеткіштердің пневмонияның барлық түрлеріне қатысты екенін атап өткім келеді:

– стафилококктар, стрептококктар, пневмококктар, клебсиелдер секілді түрлі қоздырғыштардың және басқа да көптеген бактерия, паразиттердің әсерінен пайда болған бактериалды пневмониялар (мұндай 45 824 жағдай тіркелген);

– белгіленген қоздырғыштары бар вирустардан туындаған пневмониялар. Бұл аденовирус, риновирус пневмониясы. Сондай-ақ парагрипп вирусы, метапневмовирус және басқа да жақсы зерттелген вирустар әсерінен туындаған – қоздырғышы анықталмаған пневмониялар. Пневмонияның қоздырғышы анықталмаған жағдайда олар ковидті пневмония болып саналуы да мүмкін.

Алғашқы жартыжылдықта пневмония салдарынан болған өлім-жетім деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен бірдей болған. Маусым айының соңында бұл көрсеткіштің өсу тенденциясы байқалған. Бүгін қатаң шектеу шаралары енгізілгеніне 12 күн болды, бұл инфекция таралуының 14-күндік инкубациялық кезеңінің тізбегін бұзу үшін әлі де жеткіліксіз. Осы кезеңдегі өлім-жетім жағдайларының барлығы дерлік ауруы карантин енгізілгенге дейін тіркелген жағдайлар", – дейді министр.

Осылайша, биылғы 1 қаңтар мен 15 шілде аралығында 3 327 адам пневмониядан көз жұмған. Ал 2019 жылдың сәйкес кезеңінде 1 896 жағдай тіркелді. Өлім-жетім көрсеткіші 1,75 есе өскен.

Айта кетейік, бұған дейін Алексей Цой Қазақстанда коронавирус пен пневмония статистикасы біріктірілетінін мәлімдеген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1865460-kazakstanda-zyl-basynan-beri-3-327-adam-pnevmoniadan-kz-zmgan.html