RU

Тоқаев: Халық мәселені өз бетінше шешіп жүр, бұл ешқандай қисынға сай келмейді

Еліміздегі коронавирус індетінің ахуалы жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізген президент ауыр дертке шалдыққан азаматтардың саны көбейіп кеткеннен кейін ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету мәселесінің күн тәртібіне шыққанын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

ррррр
Фото: Ақорда: UGC

Қазақстан президенті індетке шалдығып, әбден тығырыққа тірелген заматтар оттегіні өздері сатып алып жатқанын, алайда бұл ауруханалардың тікелей міндеті екенін баса айтты.

"Мемлекеттік органдар үйлестіру жұмыстарын дұрыс жүргізбегендіктен, халық бұл мәселені өз бетімен шешуге талпынуда. Бұл ешқандай қисынға сай келмейді!

Азаматтар өндірістік баллондарға құйылған оттегіні сатып алуда. Бұл ауруханалардың тікелей міндеті. Жеке үйлер мен пәтерлерде өндірістік баллондардағы оттегіні пайдалану деректері анықталған.

Үкімет және әкімдер бес күн ішінде ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету және үй жағдайында оттегі баллондарын пайдалану проблемаларын шешуі керек", – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қалалардағы ахуалды тұрақтандырамыз деп, ауыл тұрғындарын ұмытып кетпеуіміз керек екенін атап өтті. Өйткені халқымыздың жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұрады.

Бүгінде ауылдағы азаматтар үшін диагностика және емдеу шаралары қол жетімді емес екенін айта келе, президент оларға қарапайым дәрі-дәрмектің жетпей жатқанына тоқталды.

"Ауыл-аймақтарда медицина кадрларының тапшылығы және қажетті инфрақұрылымның жоқтығы жығылғанға жұдырық болып отыр. Үкімет 2300 әмбебап мобильді бригаданың жасақталғанын баяндады. Алайда олар, негізінен, қала тұрғындарына ғана қызмет көрсетеді.

Ауылды назардан тыс қалдыруға болмайды! Үкіметке өңірлермен бірлесіп, барынша қысқа мерзімде ауылдарды диагностика және емдеу ісімен, сондай-ақ, қажетті дәрі-дәрмекпен, медициналық құрылғылармен қамтамасыз етуді тапсырамын", – деді Тоқаев.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін, 18 шілде күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі ахуал бойынша Ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1865560-eskandaj-kisynga-saj-kelmejdi-tokaev-halykty-mseleni-z-betinse-sesip-zrgenin-ajtty.html