RU

1 млн аса қазақстандықтың шотына 5556 теңге мөлшерінде қаржы аударылмақ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бір миллионнан астам қазақстандықтың шотына азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін 5556 теңге мөлшерінде ақша аударылатынын мәлім етті деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: UGC

Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, шілде айында азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін ақша төлеуді көздейтін бұйрық әзірленіп, қабылданған.

"Осы жылдың 20 шілдесінен бастап айдың соңына дейін қазақстандықтардың банк картасына төлем жіберіледі", - делінген хабарламада.

Жергілікті атқарушы органдар қолда бар деректер негізінде тізім жасайды. Содан кейін шілде айына төлем алушыларға 2 АЕК (1 АЕК – 2778 теңге) немесе 5556 теңге мөлшерінде қаражат жіберіледі.

Азық-түлікке төленетін ақшаны бес әлеуметтік топқа жататын азаматтар алатыны белгілі болды.

  • атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;
  • медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;
  • медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер;
  • мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар;
  • жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар.

Ведомство мәліметінше, биыл наурыз айынан мамыр айына дейін бұл төлем 1 миллион адамға беріліп, жалпы сомасы 13,5 миллиард теңгені құраған.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін премьер-министр Асқар Мамин үкімет отысында шілде айында әлеуметтік жәрдемақы кімдерге берілетінін айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1865704-1-mln-asa-kazakstandykty-sotyna-5556-tege-mlserinde-karzy-audarylmak.html