RU

"Отырысты жандырып жіберетін": Тәуекел Мүсілім әкесі туралы бар шындықты айтты

Тәуекел Мүсілім
Фото: Instagram/mussilim.: Instagram

Отандық танымал актер Тәуекел Мүсілім өз әкесіне қатысты тың мәліметтермен бөлісіп, оның шын өмірде қандай адам болғаны туралы айтып берді. Шоу-бизнес серісінің сөзінше, әкесі оған оқуға көп көңіл бөлу керек екенін үнемі айтып жүрген. Сабыр Мүсілім келер заман білектілердің емес, білімділердің уақыты болатынын жақсы түсінген көрінеді деп жазады KAZ.NUR.KZ "Жұлдыздар отбасы" басылымына сілтеме жасап.

Тәуекел Сабыр Мүсілімнің тұңғыш баласы болып табылады. Актердің есімін әкесінің өзі қойған болып шықты. Алайда, өнер иесі әке тәрбиесін қалағанындай мейілінше көре алмады. Оның ата-анасы ерте ажырасып кеткен.

"Тәуекел деген атымды әкем қойды. Тағдырдың жазуымен әкем мен шешем кішкентай кезімде ажырасып кеткен. Әке тәрбиесін көрмей өскендіктен, ол кісі туралы мардымды ештене айта алмаймын. Анам біздің араласуымызға қарсы болған жоқ. Әлі күнге дейін енесінің алдын кесіп өтпей, сәлемін салады. Мен 9-сынып оқып жүргенімде әкемнің қасында үш ай болдым. Әкем спортқа жақын еді. Поэзия, өнерді сүйетін. Кез келген отырысты жандырып жіберетін.

Маған үнемі "оқы, келер заман-білімділердің уақыты" дейтін. Қазір расында білектің емес, білімнің заманы ғой. Ол кісіге ұқсаймын деп айта алмаймын. Кейде өз ойымды жасырып, үндемей қалатын жасықтау мінезім бар. Әкемнің қолында өссем мінезім басқаша болар ма еді. Бірақ, ішімде бір қайсарлық бар екенін сеземін. Әкемнің көзін көрген жұрт "Бұл Сабырдың ұлы ғой, тектінің көзі" деп жатады. Әке атына лайық болсам деймін" , - деді актер.

Оған қоса, Тәуекел Мүсілім Instagram желісінде әкесінің нақыл сөздер айтып жатқан видеосымен бөлісті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1865711-otyrysty-zandyryp-ziberetin-tuekel-msilim-kesi-turaly-bar-syndykty-ajtty.html