RU

Желі қолданушысы Көбейтұз көлінің тұзын шелектеп алып кетіп жатқан халықты сынға алды

Көбейтұз қызғылт көлі карантинде астаналықтардың сүйікті демалыс орнына айналды. Көпшілік әдемі суретке түсу үшін күнде көлге ағылып жатыр. Бірақ, табиғаттың тамашасынан пайда көргісі келетіндер де аз емес екен. Желі қолданушысының айтуынша, халық көлден жаппай қызғылт тұзды алып, қара ойықтар қалдырып жатыр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Астаналықтар Көбейтұздан шелектеп тұз алып жатыр
Фото: instagram.com/vokoni: Depositphotos

Татьяна Шишкина Көбейтұз қызғылт көліне жасаған сапары жайлы өз Instagram парақшасында айтып берді.

Оның сөзінше, көлге келген демалушылар бірінші тамсанады, әр шаршы сантиметрде суретке түседі, кейіннен пакеттерін аша бастайды. Осылайша, туристер суға ерекше түс беретін көл түбіндегі тұзды қазып алады.

Татьянаның айтуынша, адамдар тұзды қаппен, шелекпен алып кетуде. Олар көл маңындағы "тұз бен балшықты алуға болмайды, бұл микрофлораны бұзуы мүмкін, ол тек 15 жылдан соң ғана қалыпқа келеді" сынды жазуы бар плакатқа да мән бермейтін көрінеді.

Демалушылар қызғылт көлден кеткен соң суда қара ойықтар қалады екен. Татьяна табиғатқа тыныштық беріп, ашкөздік акциясын тоқтатуды сұрайды.

"Біз билікті ұрлық үшін балағаттаған кезде өзімізге де мән бергеніміз дұрыс шығар. Бізге қолжетімді ресурстарға қалай қарап жатырмыз? Дәл солай алғашқы мүмкіндік туа сала, қабымызды толтыруға тырысудамыз", - дейді Татьяна.

Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысы Ерейментау ауданы шекарасы аумағында орналасқан Көбейтұз, Кұрбет, Теңіз, Қоржынкөл және басқа да көлдерге баруға тыйым салынғанын жазған едік. Эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін осылай болмақ.

Ал KAZ.NUR.KZ тілшісіне жауап берген Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ведомство өкілдері Көбейтұз көліне барып, жағдайды бағалауға әзірленіп жатқанын айтты. Баспасөз қызметі ақпаратты кейінірек ұсынға уәде етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1865728-zeli-koldanusysy-kbejtz-klini-tzyn-selektep-alyp-ketip-zatkan-halykty-synga-aldy.html