RU

Көліктің капотына басын ұрған: Алматыда аруларды соққыға жыққан азамат ұсталды

Алматы тұрғындары көшеде белгісіз біреудің шабуыл жасағанын жеткізді. Айтуынша, азамат біреуінің басын көліктің капотына ұрып, екіншісін қолымен соққыға жыққан деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көліктің қақпағына басын ұрған: Алматыда ер адам аруларды соққыға жықты
Фото: instagram.com/svetpf: UGC

Алина есімді ару басынан өткен оқиғасымен бөлісті. Оқиғаның мән-жайы зорлық-зомбылықты жоюды мақсат еткен SVET қоғамдық қорының Instagram-дағы парақшасында пайда болды.

Алинаның сөзінше, оның және құрбыларының басынан өткен жағдай 25 шілде күні болған. Оқиға Абылай хан даңғылы Ескі алаңның жанында орын алған.

Бойжеткеннің айтуынша, олар даңғыл бойымен төмен түсіп келе жатқан кезде кенеттен көлігінің жанармайы бітіп қалған. Осыған байланысты шұғыл түрде тоқтауға мәжбүр болып, жанармай алып келуге келіскен досын көмекке шақырған.

Сол уақытта оларға саябақ жақтан белгісіз біреу жақындап келген. Алинаның сөзінше, ол алдымен жол жиегіне отырып, алкоголь іше бастаған, содан кейін қыздарды әңгімеге тартқа. Қыздар оны елемеуге тырысқан, ал сәлден кейін азамат қыздарға тіл тигізе бастаған.

Алинаның құрбыларының бірі ауыр сөздерге шыдамай, ер адамнан кетуін сұраған. Ал ол кезегінде қыздың шашынан ұстап, көліктің капотына соққан. Содан кейін адамдарды көмекке шақырып жатқан Алинаға назар аударған.

Нәзік жандының сөзінше, ер адам оған жақындап, гипсталған қолымен оның бетінен бірнеше рет ұрып жіберген. Салдарынан бойжеткен жерге құлап түскен..

Осыдан кейін арулар Алинаны көлікке отырғызып, есігін жауып алады. Ер адам оны ашпақ болғанымен, қолынан түк келмепті. Нәтижесінде ол өз көлігіне отырып, кетіп қалған екен.

Алинаның сөзінше, ол үйге келген кезде өзін нашар сезіне бастаған. Келіп жеткен медицина қызметкерлері арудың миы шайқалғанын және жарақаттар алғанын анықтаған.

Полиция оқиға көпшілікке мәлім болғаннан кейін ғана бойжеткендердің өтінішін қабылдапты. Қордың мәліметінше, бастапқыда өтініш қараусыз қалған.

NUR.KZ редакциясы аталған мәселеге қатысты Алматы полиция департаментінен түсініктеме сұрады. Департаменттің баспасөз қызметі аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады (ҚР ҚК 293-бабының 2-бөлігі).

Көп ұзамай күдікті табылып, қамауға алынды. Ол 32 жастағы Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Сондай-ақ, полицияның баспасөз қызметі тергеу барысы ПД басшылығының бақылауында екенін хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, Орал қаласының полиция қызметкері бұрынғы әйелі мен қызының үйін өртемекші болған ер адамды қолға түсірген. Алайда келесі күні күдіктіні босатып жіберген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1867040-klikti-kakpagyna-basyn-rgan-almatyda-arulardy-sokkyga-zykkan-azamat-staldy.html