RU

Елімізде қанша адамға 21 250 теңге берілетіні белгілі болды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шілдеде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы – 42 500 теңге мөлшерінде бір реттік төлем тағайындауға 2,4 миллион өтініш қабылдады. Төлем шектеу шараларының енгізілуіне байланысты табысынан айырылған азаматтарға арналған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original
"4 тамыз сағат 09.00-дегі жағдай бойынша ағымдағы жылдың шілде айында шектеу шараларын енгізуге байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы – 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем тағайындауға азаматтардан 2,4 млн бірегей өтініш қабылданды. Төлем 2 млн 158 мың адамға тағайындалды. Ақшалай қаражат 2 млн 142 мың қазақстандыққа аударылды", - делінген хабарламада.

Қазақстанда карантиннің тағы екі аптаға созылуына байланысты бір реттік төлем алатын 799,6 мың адамға 21 250 теңге қосымша төлем тағайындалды. 

Ведомсвто мәліметінше, осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Жақын арада ақшалай қаражат азаматтардың шоттарына аударылады. 2020 жылдың шілдесінде МӘСҚ-тен біржолғы төлем алған қазақстандықтарға карантиннің ұзартылуына байланысты қосымша ақы автоматты түрде тағайындалады.

Министрлік қайта өтініш берудің қажеті жоқ екенін мәлім етті.

Айта кетейік, өтініш қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Еске сала кетсек, осыған дейін премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қазақстандықтарға тамыз айында 42500 теңгенің жартысы төленетінін мәлім еткен болатын.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бар. Екі аптаға карантин созылды. Төлем беріледі. Бірақ 42 500 теңгенің жартысы 21 250 теңге төленеді",- деді премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1868047-elimizde-kansa-adamga-21-250-tege-beriletini-belgili-boldy.html