RU

Карантинде ауруханаға санитар болып орналасқан әнші жаңа жұмысы туралы айтып берді

Telegram logo VKontakte logo

23 жастағы Бақытбек Әмірхан карантин режимі басталмай тұрып Алматы қаласындағы мейрамханаларда ән айтқан. Ал қазір өнерлі азамат еріктілер қатарына қосылып, Covid-19 жұқтырған пациенттерді емдейтін стационарда санитар болып жұмыс істеуде деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: Sputnik / Тимур Батыршин

Фото: Sputnik / Тимур Батыршин: Instagram

Бақытбек ән салуды ұмытпаған. Қазір оңтүстік астанадағы модульді инфекциялық жұқпалы аурулар госпиталіндегі науқастар оның тыңдарманына айналды. Өнерлі жігіт пациенттерді әнімен жігерлендіруге ас салысып жүр.

Бақытбек Әмірхан Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжін бітірген. Карантинге дейін мерекелік шараларды ұйымдастыру саласында жұмыс істеді.

"Бұған дейін шығармашылық адамдары той, концерттерде, кино саласында ақша тапты. Қазір бұл сала тоқтап тұр, барлығы кейінге қалдырылды немесе қашықтан жұмыс істеу форматына ауысты. Сол себепті үйде жатып 42 500 теңге күткенше немесе жасырын тойларда өнер көрсеткенге қарағанда адал жұмыс істеп, адамдарға көмектескенім жақсы деген ойға келдім", - деді ол.

Модульді жұқпалы аурулар ауруханасы ашылған уақытта жас жігіті сол жерге шақырған. Бастапқы екі аптада құжаттар жинап, коронавирус инфекциясының бар-жоғын анықтауға тест тапсырған, содан кейін ауыр жұмыс күндері басталды.

"Мен үшін бұл өмір мектебі сияқты, себебі әскерде отан алдындағы борышымды өтеген жоқпын, еден жуған жоқпын, шығармашылықпен айналысып, тойда ән айттым. Ал карантинде жұмыс жоқ, сол себепті уақытша санитар боламын деген шешімге келдім. Бұның аса қауіпті екенін білемін, көптеген досым ауырып та қалды, мен де стационарда жүріп коронавирусты жұқтырдым", - деді Бақытбек.

Алматылық азамат санитарлар "лас аймаққа" тамақ апарады, еден мен жуынатын жерлерді жуып-тазалайды, дейді.

"Басында бірнеше қабат маскамен, инфекцияға қарсы қорғаныс киімімен жұмыс істеу қиын соқты. Ондай уақытта қалай дем алатыныңды білмейсің, өйткені барлық ашық жер мақтамен бітеліп, скотчпен оралады. Кейіннен оған да үйреніп қалдым", - деді өнерлі жігіт.

Бақытбек кейде 8-9 сағатқа қорғаныс костюмімен жүруге мәжбүр боласың деп отыр. Себебі әріптестерінің мазасы болмаса, солардың орнына шығып жұмыс істейді екен.

"Жұмыс сағатына қарай төленеді. Айына 75-тен 100 мың теңгеге дейін аламын. Санитарлар күні бойы жұмыс істейді. Сосын екі-үш күн демалады. Таңғы алтыда тұрамыз, 6:30-да жұмысқа шығамыз", - деді әнші.

Фото: Sputnik / Тимур Батыршин

Фото: Sputnik / Тимур Батыршин: Instagram

Бақытбек әріптестерінің көпшілігі науқастармен тек қызметтік міндеттері аясында сөйлесетінін жеткізді. Өйткені жұмыс көп, бөгелуге уақыт та болмайды.

"Әр палатада бізге 10-15 минуттан артық бөгелуге болмайды, алайда науқастар да адам. Оларға жаным ашиды. Олар апталап сол жерде жатады, төрт қабырға мен үш адамды ғана көреді", - дейді Бақытбек.

Ол ауруханада жатқан адамдарға да жылы сөз, қолдау қажет екенін айтады. Жылы сөздің өзі адамға ем болатынына сенеді. Палатаға кірген сайын барлығымен амандасып, тамақтың қандай болғанын сұрап, әңгімелеседі, қалжыңдасады. Сонымен қатар Абай мен Пушкиннің өлеңдерін оқып, ән шырқайды.

"Менің өз пациенттерім бар. Олар мені бұрыннан біледі. Димаш деп атайды. Мен келгенде қуанады. Көзімнен танып қояды, өйткені бетперде таққан адамның барлығы бірдей болып көрінеді. Мен ән салған кезде, шабыттанады. Ән салуымды сұрап, жеке деректерімді, телефон нөмірімді сұрайды. Арасында отбасылымын ба, оны да білгісі келетіндер бар. Жаңадан түскен пациенттермен бірден танысып аламын, ән салып, екі тілде Абай мен Пушкиннің өлеңдерін оқып беремін", - дейді Алматы қаласының тұрғыны.

Бақытбек санитар болғаннан бері 5-6 келі салмақ тастадым деп отыр. Ол инфекцияны қайта жұқтырып алмау үшін көп су ішіп, үнемі тамақтануға, маска тағып, қолы мен бетін антисептикпен тазартып жүруге тырысатынын жасырған жоқ.

Оның сөзінше, ауруханада жұмыс істеу оған қандағы қантты, оттегін тексеріп қана қоймай, дәрі тамызғышты ауыстырып, едендерді жууды, сонымен қатар уақыт пен жақындарын да бағалауды үйреткен.

"Отбасыда бес ағайындымыз: төрт ұл және бір қыз. Үш айдан бері үйге барған жоқпын, қонақүйде тұрып жатырмын. Туыстарымызбен тек месенджерлер арқылы сөйлесеміз. Бірақ жанына барып құшақтағың келеді. Карантиннің де пайдасы тиді. Біз жақындарымыз бен туыстарымызды бағалай бастадық. Адамдардың адамгершілігі де артып келеді", - деді санитар.

Бақытбектің сөзінше, оның стационарға жұмысқа орналасқанын туыстары бір айдан кейін ғана білген.

"Бастапқыда олар менің қайда жұмыс істейтінімді білген жоқ. Олардың уайымдап қалғанын қаламадым. Сол сәтте айтсам, маған санитар болып жұмыс істеуге рұқсат бермес еді.

Шамамен бір ай өткен соң отбасыма айттым. Әкем екеуміздің арамызда жанжал болды, бірақ мен кері шегінуге жол жоқ екенін түсіндірдім. Олар менің денсаулығымды, өмірімді ойлап алаңдады. Олардың ештеңеге мұқтаж болмай, мені мақтан тұтқандарын қалаймын. Қарапайым отбасыда дүниеге келдім, әкем КамАЗ жүргізушісі, анам тәрбиеші және күтуші болып жұмыс істейді", - дейді ол.

Бақытбек Әмірхан карантин аяқталған соң шығармашылық жолына қайта оралуды жоспарлап отыр. Шетелде ән байқауларына қатысуды, дарынды балаларды оқыту үшін мектеп ашуды армандайды.

Қазақстандағы соңғы жаңалықтар мен фото, видео және өзге де эксклюзивтер жайлы алғашқылардың бірі болып біліңіз!

comments icon Пікірлер
Развернуть
Карантинде ауруханаға санитар болып орналасқан әнші жаңа жұмысы туралы айтып берді