RU

Өкпесінің 90%-ы зақымданған: Дәрігерлер коронавирусқа сенбеген тұрғынды құтқарды

Балқашта дәрігерлер өкпесінің 90 пайызы вирустық пневмониядан зақымданған 40 жастағы тұрғынды аман алып қалды. Ер адам екі аптадан астам уақытты жансақтау бөлімінде өткізген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Балқаш қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өкпесінің 90%-ы зақымданған: Дәрігерлер коронавирусқа сенбеген тұрғынды құтқарды
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

Ведомство хабарлағандай, ер адам ауруханаға өткен айдың басында түскен. Ол қабылдау бөлімінен бірден жансақтау бөліміне жеткізілген. Науқастың жағдайы ауыр деп бағаланған.

Компьютерлік томография ер азаматтың өкпесінің 90 пайызы вирустық пневмонияның салдарынан зақымданғанын, ал коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест оң нәтиже көрсеткен.

Салдарынан ер адам екі апта бойы өкпені жасанды желдету аппаратының көмегімен дем алған.

Біраз уақыттан кейін науқастың жағдайы жақсара бастап, өкпесінің зақымданған аймағы 75 пайызды құраған.

Нәтижесінде медицина қызметкерлері оны өкпені жасанды желдету аппаратынан ажырату туралы шешім қабылдаған. Дегенмен науқас тағы 5 күн оттегі маскасының көмегімен дем алған. Өкпенің зақымдану аймағы 50 пайызға дейін төмендеген кезде ер адам палатаға ауыстырылған.

Сол кезде коронавирусты анықтайтын тест те теріс нәтиже көрсеткен. Ер адам ауруханаға түскеннен кейін үш аптадан кейін үйіне шығарылды. Оған амбулаторлық ем тағайындалды.

Медицина қызметкерлері ер азаматтың өз-өзіне келуі үшін әлі ұзақ уақыт керектігін де айта кетті.

Сондай-ақ, науқас дәрігерлермен әңгіме барысында ауруға сенбегенін және маска тақпай жүргенінін мойындаған.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматыда өкпесінің 90 пайызы зақымданған келіншектің аман-есен босанғанын жазған едік.

Коронавирус инфекциясын жұқтырған әйел адам медициналық мекемеде бір ай жатқан.

Сонымен қатар Алматыда өкпесі 100 пайыз зақымданған науқастың жазылып шыққанын хабарлаған едік.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1868291-kpesini-90-y-zakymdalgan-drigerler-koronaviruska-senbegen-trgyndy-ktkardy.html