RU

Коронавирустың ауыр немесе жеңіл түрін қалай ажыратуға болады

ПТР сынама
Көрнекі фото: NUR.KZ

Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті микробиология, вирусология және жалпы иммунология кафедрасының профессоры Раушан Тьесова-Бердалина бүгінгі тікелей эфир барысында коронавирустың ауыр түрін қалай анықтауға болатынын айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы

"Коронавирустың ауыр түрін анықтау соншалықты қиын емес. Егер дене температурасы 38 градустан түспей қойса және ЖРВИ белгілері білінсе, ол сырқаттың ауыр түрі. Сондай-ақ, жөтел, ентігу пайда болып, тәбет жоғалса, бірден дәрігерге қаралу керек.
Одан бөлек, созылмалы ауруы бар адамдарда сырқат ауыр жүреді. Қант диабеті, артериялық гипертензия, жүрек ауруы бар адамдардың жағдайы КВИ кезінде қиындай түседі, - деп түсіндірді профессор.

Раушан Тьесова-Бердалина денсаулықты нығайту үшін көбірек қозғалып, таза ауада жүру керек деп отыр.

"Қазір карантин болғаннан кейін адамдардың көпшілігі үйінен шықпай отыр. Кейбірі офисте жұмыс істейді, яғни қозғалыс аз. Бұл денсаулыққа кері әсер етеді. Адамдарға таза ауада серуендеп, көбірек қозғалу туралы кеңес беремін. Одан бөлек, ұйқыны дұрыстап, құнарлы тағамдарды тұтыну керек", - деді дәрігер

Cонымен қатар, маман осыған дейін коронавирустың симптомсыз тасымалдаушыларының қауіпті екенін мәлім етті.

Естеріңізге сала кетейік, премьер-министр Асқар Мамин бұған дейін үкіметтің онлайн отырысында күзде туындауы мүмкін пандемияның жаңа толқынына дайын болуды, әрі оның алдын алу үшін барлық белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп, жоспарланған шаралар кешенін іске асыруды тапсырған болатын.

Кеше ол Нұр-Сұлтан қаласындағы "СҚ-Фармация" логистикалық хабына барып, онда коронавирус инфекциясын емдеуге арналған дәрілердің бар-жоғымен және еліміздің денсаулық сақтау мекемелерін медициналық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1868411-koronavirusty-auyr-nemese-zeil-trin-kalaj-azyratuga-bolady.html