Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Коронавирустан емес, жерімізді қорғап өлгеніміз артық": Атырауда наразы топ көшеге шықты (фото)

Опубликовано:

Фото
Атырау: Ақ Жайық

Атырау қаласы маңындағы Жаңаталап ауылының тұрғындары карантинге қарамастан елді мекен жанынан карьер жұмыстарын жүргізуге қарсылық білдіріп, көшеге шықты. Олардың сөзінше, жеке компания ауыл іргесін карьер қазу үшін он жылға жалға алған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Ақ Жайық газетіне сілтеме жасап.

Жиналған жұрт жайылымдық жер аз кезде, карьер қазбақшы деп ашуларын жеткізді.

"Бұл ата-бабамыздан қалған жер, ешкімнің оған қол сұғуға құқы жоқ. Ауыл тұрғындары болып, жерді қызғызбаймыз. Бір күрек топырақ бермейміз. Жерді қазса ертең көк-ала шаң болады, ал бізге таза ауа және малымызға жайылатын жайылым керек. Қазуға көліктер келетін болса, алдарына жатып алуға дайынбыз, - дейді ауыл тұрғыны Зиба Бахитова.

Жергілікті басылым мәліметінше, Атырау-Пешной тас жолы бойында орналасқан бұл ауылда үш мыңнан астам адам тұрады. Бұл елді мекенде тұратын Барлығы дерлік карьер қазу жұмыстарына қарсы болып отыр.

"Ертең ауылдан үш-төрт шақырым жерден карьер қазылғанға, тұрғындардың мал жаятын орындары болмай, кейін қалалық қоқыс алаңына айналады. Егер де халықтың зарын тыңдайтын әкім, министр болса, бұл жер берілмесін", -дейді тұрғын Саумал Қабделов.

Сонымен қатар, жер жалға берілмес бұрын, әкімдік жергілікті тұрғындарды хабардар етпеген көрінеді. Олардың сөзінше, ешқандай қоғамдық тыңдау өткізілмеген.

"Билік өкілдері неге қоғамдық тыңдау өткізіп, біздің пікірімізді білмеді? Бұл біздің экологиямызға қауіпті. Әкімдер халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығын мүлде ойлап жатқан жоқ", – дейді тұрғын Эльвира Қалаулиева.

Фото
Атырау: Ақ Жайық

Тұрғындардың назына құрылысқа жауапты "Элитстрой" ЖШС директоры Қадырбек Мағзом жауап берді. Оның сөзінше, компания тереңдігі үш метрге дейін карьер қазады екен. Компания жыл басында ресми құжатпен әкімдіктен жерді жалға алып, мемлекетке 20 миллион теңгеден астам қаржы төледі, дейді.

"Барлық құжаттарымыз заңды және бұл әкімдіктің ұсынған жері. Мал жайылатын жерге келетін болсақ, бізді қадағалайтын мекемелер бар. Жерді шұңқыр қылып, ешкім тастап кетпейді. 10 жылдан кейін жерді тапсырғанда қазіргідей күйдей тапсырмасақ, бізден жерді қабылдамай қалады. Мен жұмыстарымды бастауым керек. Қарсы болсаңыздар, үкіметке айтыңыздар", - дейді Қадырбек Мағзом.

Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиева болса бұл жерді жалға беру облыс әкімінің қаулысымен бекітілді, деп отыр.

Оның айтуынша, бұл компания барлық құжаттарын негізге ала отырып, жұмыстарына кіріседі. Сонымен қатар, жалға алу мерзімі аяқталғаннан кейін, жерді қайта қалпына келтіріп, бастапқы күйде тапсыруға міндетті екенін мәлім етті.

Фото
атырау: Ақ Жайық

Сонымен қатар, Атырау ауылдық округінің әкімі Нұрлан Халмурзин де бұл жерлерді заңға сәйкес бергенін жеткізді. Себебі жерді бермес бұрын құзырлы орган зерделеп, тексереді, дейді. Оның сөзінше, компанияның қолында қажетті құжаттары бар екен.

Басылым мәліметінше, халық жиналған уақытта полиция келіп, карантинге байланысты "заңсыз жиналдыңдар" деген желеумен таратпақ болған еді, ауыл тұрғындары одан ашуға булыққа.

"Біздің коронавирустан емес, жерімізді қорғап өлгеніміз артық" – деп шуласты олар.

Еске сала кетсек, осыған дейін кеше түнде қатты жауған нөсер салдарынан Ақтау қаласын су басқанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868470-koronavirustan-emes-zerimizdi-korgap-lgenimiz-artyk-atyrauda-narazy-top-ksege-sykty-foto/

pixel