RU

"Дарын" орталығы тамыз кеңесін алғаш рет онлайн форматта өткізді

Тамыз кеңесі1
Фото: РНПЦ Дарын

Ағымдағы жылы пандемия жағдайына байланысты мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметкерлерінің тамыз педагогикалық кеңесі 6-7 тамыз күні онлайн форматында өтті.

Екі күн ішінде кеңеске 500-ден астам мамандандырылған білім беру ұйымдарының қызметкерлері қатысты. Кеңес ZOOM платформасы арқылы ұйымдастырылды және YouTube каналында тікелей трансляция болды.

Тамыз педагогикалық кеңесінің тақырыбы: «Білім беру үдерісіне қатысушылардың өзгермелі әлемдегі кәсіби дамуы»

Кеңесте қарастырылған мәселелер: педагогтың эмоциялық интеллектісі; балалардың үйлесімді дамуы үшін эмоционалды-интеллектуалдық орта қалыптастыру; Қазақстандағы жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласы; білім беру парадигмасын анықтайтын технологиялық өзгерістер; тайм менеджмент- қашықтықтан оқыту кезіндегі уақытты тиімді пайдалану; оқшаулану жағдайында МООС (MASSIVE OPEN ONLINE COURSES) технологияларын пайдалану; педагогтарды инновациялық қызметке ынталандыру және т.б.

Бірінші бөлімде «Педагогтың эмоциялық интеллектісі. Балалардың үйлесімді дамуы үшін эмоционалды-интеллектуалдық орта қалыптастыру» тақырыбында мамандандырылған білім беру ұйымдары басшылары мен педагогтарына және психологтар мен ата-аналар комитетінің өкілдеріне арналған тренингтер өтті. Тренингтерді "International Academy of Emotional Intelligence" директоры Асель Муратова жүргізді.

Бұл жерде педагогтың жаңа онлайн ортадағы эмоционалды-интеллектісі, оның оқушылармен қарым-қатынасы және психологтардың осы бағыттағы ролі қарастырылды. Ата –аналар балаларының тәрбиесіне байланысты және олардың эмоционалды-интеллектісін дамыту жөнінде көптеген сұрақтарға жауап алды. Асель Муратованың айтуынша, педагогтың эмоциялық интеллектісі оның кәсібін жүргізуде, оқушылармен қарым-қатынас орнатуда өте маңызды.

DarynRNPC
Фото: РНПЦ Дарын

Екінші бөлімде Саясат Нұрбек және бірқатар облыстық мамандандырылған білім беру ұйымдарының басшылары баяндама жасады. BTS Education компаниясының басшысы Саясат Нұрбек – «Қазақстандағы мамандықтар мен құзыреттер атласы- жаңа кәсіптік бағдарлану платформасы» тақырыбында өзекті мәселелерді көтерді. Саясат Нұрбектің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстандағы еңбек нарығы айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Кәсіпті таңдауда 5-10 жылда қандай мамандықтар сұранысқа ие болатынын білгеніміз өте маңызды.

Осыған байланысты Саясат Нұрбек 2019 жылы «Қазақстандағы мамандықтар мен құзыреттер атласы» атты жобаны жетекшілік етіп , қолға алған болатын. Сол жобанының негізгі мәліметтері кеңесте білім саласының қызметкерлеріне жария етілді. Саясат Нұрбектің айтуынша, бұл жоба мамандық таңдауда қалың көпшілікке арналған.Осы жобаның негізінде көптеген білім ұйымдары мамандықтар тізімін жаңартып, болашақта еңбек нарығында өз орнын тауып кететін мамандар дайындайды.Саясат Нұрбектің ойынша, биылғы жыл педагогтарға психо-эмоционалды тұрғыдан қиын болады. Осыған қарамастан ол ұстаздарға өздерінің цифрлі сауаттылығын жетілдіріп,эмоционалды интеллектісін жоғары деңгейде ұстауға кеңес берді.

Үшінші бөлімде «Педагогтарды ынталандыру: теориядан-әрекетке көшу" атты тақырыбында баяндамалар жасалды.

Павлодар қаласы, «Дарынды балаларға арналған облыстық көп салалы лицей-интернатының» және «Дарынды балаларға арналған №3 мектеп –гимназиясының» жұмыс тәжірибесінен трансляция жасалды. Сонымен қатар педагогтардың мотивациясы тақырыптарын кеңінен ашатын мастер-класстар өтті.

6-7 тамыз күні өткен мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметкерлерінің тамыз педагогикалық кеңесі өз мәресіне жетіп, қойылған мақсаттарын айқын орындады деген ойдамыз. Кеңес өте мазмұнды өтті. Қатысушылардың белсенділігі онлайн форматында болса да, жоғары деңгейде болды.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1868628-daryn-ortalygy-tamyz-keesin-algas-ret-onlajn-formatta-tkizdi.html