RU

"Жағдай тұрақты": Сапарбаев Қасқабұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті

Бердібек Сапарбаев сөйлеп отыр1
Фото: NUR.KZ

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Талас ауданының Қасқабұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесуге 10 тамыздан 11-не қараған түні жергілікті тұрғындардың бірнеше үйінің және кітапхана ғимаратының терезелерін сындырған бір топ жастардың бұзақылық әрекеті себеп болған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, дабыл түсе салысымен бірден оқиға орнына полицейлер, облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары аттанған. Жағдай жедел бақылауға алынып, барлық бұзақылар ұсталған.

Қазіргі таңда құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқиғаның мән-жайын, кінәлілер мен араңдатушыларды анықтау үстінде.

Аталмыш факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Сонымен қатар әкімдік жергілікті тұрғындардың алаңдауыңа негіз жоқ екенін, олардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілгенін жеткізді.

Ал оқиға орынан келген Бердібек Сапарбаев Қасқабұлақ тұрғындары әрқашан өздерінің еңбекқорлығымен, ынтымағымен және үлкендерге деген құрметімен ерекшеленетінін атап өтті.

Соңғы жылдары мұнда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Дегенмен облыс басшысы тәртіпті бұзғандардың барлығы заң аясында жауап беретінін баса айтты.

"Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз және қоғамдық тәртіпті бұзғандардың барлығы заң аясында жауап береді. Ең бастысы – қазақстандық қоғамда бейбітшілік пен тыныштық сақталуы керек", - деп атап өтті аймақ басшысы.

Бердібек Сапарбаев жастар, әсіресе бұзақылыққа қатысты жастардың ата-аналары арасында тәрбие жұмыстарын күшейту қажеттілігіне назар аударды.

"Мұның бәрі істерге ісі жоқтықтан туындайды. Егер он екі мүшесі сау болса, онда ол ата-анасына масыл болмай, еңбек етуі керек. Ата-аналар өздері балаларының бос уақытын қалай өткізіп жүргендігінен хабарсыз.

Біздің жалғыз Отанымыз  бар, ол - Қазақстан. Біз өзіміздегі ең құнды дүние – қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді бағалай білуіміз керек. Тағы да қайталап айтамын, заңды бұзған әрбір адам қатаң жауапқа тартылады. Шамасы, бұл бұзақылықты арнайы ұйымдастырушылар болған секілді.

Полицияның міндеті – оларды табу және осыған ұқсас оқиғалардың алдын алу. Ата-ана, мектеп, қоғам және билік, бұлардың бәрі бірлесе отырып, өскелең ұрпақтың бойында толеранттылық, мейірімділік және адамсүйгіш, әрбір азаматқа құрметпен қарау секілді игі қасиеттерді қалыптастыру жолында жұмыла жұмыс жасауы тиіс", - деп қорытындылады Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде ауыл ақсақалы Махмуд Темиров біздің қоғамда ешкім алауыздық туғыза алмайтынын және бір топ жастардың бұзақылық әрекеттерінен ешқандай астар іздеудің қажеті жоқ екенін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін полиция Қасқабұлақ ауылында оқиғаға қатысты пікір білдірген еді.

Сонымен қатар Шымкентте 10 тамызда болған атысқа қатысты мән-жайды жергілікті полиция баяндаған еді.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1869076-mny-bri-isterge-isi-zoktyktan-tuyndajdy-saparbaev-kaskablak-auylyny-trgyndarymen-kezdesti.html