RU

Бейруттағы жарылыс 15 млрд долларға шығын келтірген

Взрыв Бейрут 123
Фото: ТАСС / Максим Григорьев

4 тамыз күні Бейрутта болған жойқын жарылыс Ливан Республикасына 15 миллиард доллардан астам сомаға шығын келтірген. Ел президенті Мишель Аун Испания королі VI Филиппен телефон арқылы әңгімелесу барысында осындай деректер айтқан деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ТАСС-қа сілтеме жасап.

"Президент Аун алдын ала бағалау бойынша, Ливанға келтірілген шығын 15 миллиард доллардан асып түсетінін атап өтті", – делінген мемлекет басшысының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Өз кезегінде Испания королі Ливан халқына көңіл айтып, қажетті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізген.

Сақтандыру компанияларының алдын ала бағалауынша, Бейрут портында болған жарылыстан 3 миллиард доллар шығын келген. Ал бұған дейін Ливан астанасының губернаторы Марон Аббуд қаланы қалпына келтіруге 12-15 миллиард доллар қажет екенін мәлімдеген еді.

Сәрсенбі күні Ливанның ішкі қауіпсіздік басқармасы мәлім еткендей, Бейруттағы жойқын жарылыстан ішінара немесе толығымен 4 мыңға жуық ғимарат қирап қалған.

Естеріңізге сала кетейік, 4 тамызда Ливан астанасы Бейрутта жойқын жарылыс болды.

Елдің премьер-министрі Хассан Диябтың сөзіне қарғанда, 100-ден астам адамның өмірін жалмаған порттағы жарылысқа алты жыл бойы 2750 тонна аммиак селитрасын дұрыс сақтамау себеп болған.

Кейіннен Бейруттағы жарылыстан кейінгі тергеу барысында Ливан билігі 16 адамды қамауға алды. Олардың арасында Бейрут портының бас директоры Хасан Корайтем де бар.

Айта кетейік, қайғылы оқиғадан кейін Ливан үкіметі толықтай отставкаға кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1869302-bejruttagy-zarylys-15-mlrd-dollarga-sygyn-keltirgen.html