RU

Ақтөбелік азамат бұрынғы әйеліне ерегесіп, оның әкесінің үйін өртеп жіберген

өрт
Көрнекі фото: forpostsevastopol.ru

Ер адам үйде ешкім болмаған кезде үйді түгелімен өртеп, сол жерде арақ іше бастаған. Өз ісін "тындырғаннан" кейін ол өртке оранған жерден кетіп қалған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақтөбе қаласының №2 сотына сілтеме жасай отырып.

31 жастағы Ақтөбе тұрғыны жұбайымен ажырасқаннан кейін оған сес көрсетіп, балаларымен бірге тұратын әкесінің үйін өртеп жіберемін деп қорқытқан.

Өз ойын қалай да жүзеге асыруды көздеген ол өзінің бұрынғы қайын атасының үйіне ешкім болмаған кезде кіріп, өрт қойған. Тілсіз жау түгелімен аумақты жайлап болғанша ер адам тіпті арақ ішіп, артынша ізін суытып та үлгереді.

Баспана өртеніп кеткен соң - ондағы барлық дүние жарамсыз болып қалған. Үй иесі бұрынғы күйеу баласына 3 миллион 465 мың теңге шығынын өтеуді талап етуде.

Сотталушының бұрынғы әйелі сотта бұрын оны өртеп жіберемін деп қорқытқанын айтты. Айыпталушы болса кешірім сұрап, оны қатаң жазаламауды өтінген.

Жәбірленуші сот отырысы барысында бұрынғы күйеу баласын кешірмейтінін мәлімдеп, соттан оны бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот ақтөбелік азаматты үйді қасақана өртегені үшін 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды және барлық шығынның орнын толтыруды міндеттеді.

"Жазасын өтеу орны орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі болып белгіленсін", - деп қаулы етті Ақтөбе қалалық №2 соты.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Ақтөбеде екі мың теңге үшін зейнеткерді өлтіріп кеткен күдікті ұсталған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1869710-aktbelik-azamat-bryngy-jeline-eregesip-ony-kesini-jin-rtep-zibergen.html