RU

Алексей Навальный комаға түсті

Навальный 2586
Алексей Навальный. Фото: РИА Новости / Алексей Куденко

Ресейдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қорының басшысы Алексей Навальный отырған ұшақ мәжбүрлі түрде Омбыға қонды. Болжам бойынша саясаткер уланып қалған. Ол шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, қазір жансақтау бөлімінде жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ресей оппозициясы көшбасшысының баспасөз хатшысы Кира Ярмыштың сөзінше, Навальныйдың өміріне қауіп төніп тұр. Соңғы деректерге сәйкес, саясаткер комада жатыр.

Томск тұтынушылардың құқықтарын қорғау ведомствосы улану фактісі бойынша тексеріс жүргізу туралы бастама көтерді.

Еске сала кетейік, бүгін Алексей Навальный Томсктан Мәскеуге ұшқан еді. Таңертең оның өзін жақсы сезінгені және денсаулығына байланысты ешқандай шағымы болмағаны хабарланды.

Саясаткер Томск әуежайында шай ішкен. Ал ұшақ бортында ол өзін кенеттен жайсыз сезінген. Навальный ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген.

Саясаткердің штабы мен баспасөз хатшысы оны уландырды деп күдіктенуде. Себебі бұндай жағдай өткен жылы орын алған.

Айта кетейік, бұған дейін Алексей Навальный Ресей бұрынғы премьер-министрі Дмитрий Медведевтің әйелі 50 млн доллар тұратын жеке ұшақпен ұшатынын мәлімдеген еді.

Саясаткердің 2019 жылғы 4 желтоқсанда жарияланған зерттеуіне сәйкес, Медведевтің әйелі Bombardier Global Express 5000 жеке ұшағын қолданады.

Бизнес-джет бұған дейін ВТБ банктің құрамында болған Белиздегі компанияға тіркелген.

Сондай-ақ бұған дейін ресейлік танымал саясаткер Владимир Жириновскийдің 2020 жылдың соңына қарай Беларусь Ресей құрамына кіреді деп мәлімдеме жасағанын хабарлағанбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1870361-aleksej-navalnyj-komaga-tsti.html