RU

Алексей Навальныйды Германияға емделуге жібермей жатыр

Ресейлік Навальный
Алексей Навальный. Фото: РБК / Владислав Шатило

Омск дәрігерлері Алексей Навальныйды Германияға емделу үшін жіберуге рұқсат бермей отыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Германия канцлері Ангела Меркель Франция көшбасшысы Эммануэль Макронмен кездескеннен кейін Германия Навальныйды қабылдап, оған медициналық көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеген.

Алексей Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыштың хабарлауынша, бастапқыда дәрігерлер науқасты жіберуге дайын екенін айтқан. Оппозиционерді Германияға ауыстыру үшін ұшақ жіберілген. Алайда қазір ақ халаттылар пациентті ауыстыруға болмайды деп отыр.

Жемқорлықпен күрес қорының өкілі Иван Ждановтың айтуынша, Алексейдің организмінен өзінің де, айналасындағылардың да өміріне қауіп төндіретін зат табылған. Алайда оның не зат екенін жария етпепті.

Еске сала кетсек, Алексей Навальный жағдайы нашарлаған кезде Омсктен Мәскеуге қарай ұшқан. Ол дәретханаға кіріп, сол жерде оның денсаулығы нашарлағаны хабарланған.

Ұшақ Омскке шұғыл қонған. Блогерді ауруханағ жеткізіп, ол комаға түскен.

Айта кетсек, саясаткер Томск әуежайында шай ішкен. Ал ұшақ бортында ол өзін кенеттен жайсыз сезінген. Навальный ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген.

Саясаткердің штабы мен баспасөз хатшысы оны уландырды деп күдіктенуде. Себебі бұндай жағдай өткен жылы орын алған.

Бұған дейін Алексей Навальный Ресей бұрынғы премьер-министрі Дмитрий Медведевтің әйелі 50 млн доллар тұратын жеке ұшақпен ұшатынын мәлімдеген еді.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1870522-aleksej-navalnyjdy-germaniaga-emdeluge-zibermej-zatyr.html