RU

Дәрігерлер ішпесе де үнемі мас болып жүретін науқасты қызының нәжісімен емдеді

Әжетхана
Көрнекі фото: znaj.ua

Бельгияда ақ халаттылар ерекше дертке шалдыққан науқасты өзгенің нәжісін оның ішегіне трансплантациялау арқылы емдеп шықты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы vinegred.ru сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Белгілі болғандай, 47 жастағы ер адам ABS деп аталатын ерекше дертке шалдыққан екен. Оның ішегі өздігінен алкоголь шығарып отыратындықтан, ол аузына бір тамшы ішімдік алмаса да масайған күйге түседі.

Нақтырақ айтсақ, ішектегі саңырауқұлақ типтес ерекше микроорганизмдер көмірсулармен қоректеніп, ішекке алкоголь бөле бастайды. Әдетте мұндай микроорганизмдер кез келген адамның ағзасында аздаған көлемде тіршілік етеді.

Алайда бұл науқастың ішегінде мұндай микроорганизмдер көбейіп кеткен. Бұған шектен тыс антибиотикті қолдану себеп болуы мүмкін дейді ақ халаттылар.

Антибиотик ішуді доғарған азамат екі ай бойы өздігінен масайып қала беретінін байқайды. Дәрігерлерге жүгінген ол қан құрамында этанолдың 17 есе артып кеткенін анықтайды.

Дәрігерлер тұңғыш рет өзгенің нәжісін науқастың ішегіне қондыру арқылы бұл дертті емдеп шыға алды. Мұндай қадамға ер адам амалсыздан барған, себебі оған дертпен күресуге бірде бір дәрі-дәрмек көмектеспеген екен.

Бүгінде дертінен құлан таза айыққан азамат ақ халаттыларға алғысын жаудыруда. Себебі, бұл дерт оны әбден мезі еткен. Әйелі одан күнде ішімдіктің иісі мүңкіп тұратынына шағымданса, полицейлер, тіпті оған мас күйде көлік жүргіздің деп айып таққан. Өз нәжісін науқасқа оның 22 жастағы қызы "сыйға" тартыпты.

Айта кетсек, адамның нәжісімен бұған дейін де түрлі оғаш жағдайлар орын алған. Мәселен, Индонезияның Ачех штатында некеге дейін жыныстық қатынасқа түсіп қойған жұпты тұрғындар нәжіске шомылдырған болатын.

Ал Дондағы Ростовта зейнеткер көршілерінен кек алу үшін олардың ауласына нәжіс пен қоқыс лақтырып отырған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1870782-drigerler-ispese-de-nemi-mas-bolyp-zretin-naukasty-kyzyny-nzisimen-emdedi.html