RU

27 тамызда Қазақстан мен Түркия арасындағы рейстер қайта жанданады

ұшақ
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе байланысы қайта жанданады. Алғашқы рейс бейсенбі, 27 тамызда ұшады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Азаматтық авиация комитетінің Telegram арнасына сілтеме жасап.

Эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты Түркия 5 тамызда Қазақстаннан келетін жолаушыларға шектеу қойған еді.

"Екі ел арасындағы рейстерге қойылған шектеулерді алып тастау мәселесі бойынша түрік тарапымен жұмыс жүргізілді. Осылайша, Түркияның авиация билігінің айтуынша, шектеулерді алып тастау мәселесі Түркияның Денсаулық сақтау министрлігімен үйлестіріліп, және COVID-19 таратылуының тұрақтануы мен жақсаруын ескере отырып, түрік тарапы Қазақстаннан Түркияға жолаушылардың кіруіне шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады", - делінген хабарламада.

Рейстер кестесін әуе компанияларының сайттарынан көруге болады. Сондай-ақ ұшу кезінде барлық санитарлық талаптардың қатаң сақталатыны айтылған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Түркия мен Қазақстан арасындағы әуе байланысы 1 қыркүйектен бастап қайта жандануы мүмкін екені хабарланды. Бұл туралы Түркиялық БАҚ жазған еді.

Айта кетсек, Қазақстан мен Түркия арасында әуе қатынасы 20 маусымда ашылған еді. Алайда 4 шілде күні түркиялықтар біздің елде коронавирус өршіп кеткен соң ұшуды 20 шілдеге дейін тоқтату туралы шешім қабылдаған. Кейінірек мерзім тағы да ұзартылған.

Сондай-ақ, 17 тамыздан бастап біздің ел бірнеше мемлекеттермен әуе байланысын қайта жандандырады. Олардың арасында Біріккен Араб Әмірлігі, Беларусь Республикасы, Германия, Нидерланды, Мысыр, Украина мен Ресей Федерациясы секілді елдер бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1870807-27-tamyzda-kazakstan-men-trkia-arasyndagy-rejster-kajta-zandanady.html