Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өзбекстанда коронавирустың салдарынан той-думан агенттіктері жабылып жатыр

Опубликовано:

той-банкет1
көрнекі фото: pixabay.com

Өзбекстанда той-думан, мерекелік кештер өткізетін ивент-агенттіктердің ісі алға баспай тұр. Соңғы бес айда бір ғана Ташкенттің өзінде 350 ивент-агенттіктің тең жартысы жабылып қалды. Кәсіпкерлер енді жергілікті биліктен 100 адамға дейін қатыса алатын той-томалақ пен мерекелік шаралар өткізуге рұқсат сұрап отыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.

Карантин Өзбекстандағы мыңдаған кәсіпорынды табысынан айырды. Қазір күрделі кезең ивент-агенттіктердің де қос бүйірінен қысып тұр. Қаржы мәселесі қыспаққа алғанда Ташкенте осы салада еңбек ететін 350 кәсіпкердің тең жартысы жұмысын тоқтатқан. 

"Карантиннің алғашқы екі аптасында ғана біз 500 мың доллар табыстан қағылдық. Алдын ала жоспарланған 150 шақты іс-шараны өткізе алмай қалдық. Ал соңғы бес айда шамамен тағы 250 мерекені ұйымдастыруға болушы еді. Қанша пайдадан айырылғанымызды енді есептей беріңіз", - дейді Өзбекстан Event-агенттіктері қауымдастығының төрағасы Арсен Длянчев. 

Арсен Длянчев басқаратын компания – Өзбекстандағы ивент-индустрияның көрігін қыздырып отырған ең ірі әрі мықты агенттік. Карантинге дейін жылына 500 шақты іс-шара ұйымдастыратын. Оның ішінде халықаралық инвестициялық форумдар, мемлекет басшыларының кездесулері бар. Енді бұлардың қарапайым той-томалақ өткізетін де қауқары жоқ. 

"Күн сайын кемі бір қызметкермен қоштасуға мәжбүрміз. Наурыз айынан бері біздің компанияда 87 қызметкердің 38-і ғана қалды. Алғашқы екі ай бойы ешкімді жұмыстан шығармай, еңбекақысын төлеп отырдық. Енді көп қызметкер қысқартуға ілікті", - дейді Арсен Длянчев.

Мемлекет тарапынан туризм, қоғамдық тамақтандыру салаларына салықтық жеңілдіктер жасалған. Бірақ ивент-индустрияға көмек көрсетуді ұмытып кеткен сыңайлы, дейді осы саланың мамандары.

Дегенмен ивент-агенттіктердің өкілдері "жеңілдік керек емес, тек жұмыс істеуге тыйым салмаса жеткілікті" дейді. Сол себепті жергілікті биліктен еңсесін тіктеп, аяққа нық тұру үшін 100 адамға дейін іс-шаралар өткізуге рұқсат сұрап отыр. "Бұл көл-көсір табыс әкелмесе де, жүдеп қалған индустрия ептеп ес жинай бастайды" дейді кәсіпкерлер.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қырғызстанда мейрамхана, кафе, ойын-сауық орындарында бақылау күшейтілгенін хабарлаған едік.

Оған тыйымға қарамастан той, жиындардың басылмауы себеп болған.

Айта кетейік, өз елімізде той-томалақ секілді халық жаппай жиналатын шараларды өткізуге әлі де рұқсат жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1870894-zbekstanda-koronavirusty-saldarynan-dagdaryska-syrgan-toj-duman-agenttikteri-zabylyp-zatyr/

pixel