RU

Қалыңдық вирустан қорқып тойға келмеген қонақтарды "өлдіге" санайтынын мәлімдеді

Қалыңдық
Көрнекі фото: Getty Images

Әлеуметтік желіде коронавирус салдарынан тойына келуге қорқатын қонақтарға ренішін жеткізген қалыңдықтың жазбасы көпшіліктің ашуын келтірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы dailystar.co.uk сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Facebook әлеуметтік желісінде жария болған қалыңдықтың жазбасы қызу талқыға түсуде. Онда бойжеткен жоспарланған аста-төк тойына қомақты қаражат жұмсағанын алға тартқан.

"Мен мыңдаған долларымды сарп еттім. Спортпен шұғылданып, осы күнге барынша дайындалдым. Әр қонаққа жеке сыйлық әзірледім, мыңдаған хатқа жауап қайтардым. Сол себепті, қонақтарға ескерту айтуға құқым бар деп ойлаймын. Маған бәрібір. Егер сіздер менің тойымды коронавирустан қорқып, жіберіп алатын болсаңыздар, сіздерді өлдіге санайтын боламын", - деп ренішін жазған қалыңдық.

Бұл жазба Reddit желісінде де таралып, көпшілік қалыңдықты сынның астына алды.

"Мен де тойым болмай қалғанына ашуландым. Десе де өзіңді ғана ойламай, өзгені де сыйласаң болар еді", "Сенің тойың үшін өз өмірін қауіпке төндіруі тиіс пе? Сонда олардың өмірінің құны сенің жұмсаған мыңдаған долларларыңмен өлшене ме?", "Менің туыстарым өз тойын кейінге шегерді және олар сенен әлдеқайда ақылды шешім қабылдады", - деп жазған желі қолданушылары.

Десе де қалыңдыққа түсіністікпен қарағандар да табылды. Олар той өткізу әр қалыңдықтың арманы екенін алға тартып, бойжеткенді сабырлы болуға шақырды.

Еске салсақ, бұған дейін Сауд Арабиясында қалыңдық күйеу жігітінен КВИ-ге тест тапсыруды талап еткенін жазған болатынбыз. Ал сол арада отандық шоу-бизнес өкілдері карантин режимі жеңілдегеннен кейін бірден өз жұмысына кірісіп кеткенін мәлімдеген едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1871114-kalydyk-virustan-korkyp-tojga-kelmegen-konaktardy-ldige-sanajtynyn-mlimdedi.html