Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде коронавирустың екінші толқыны қалай өтуі мүмкін: Белгілі эпидемиолог пікір білдірді

Опубликовано:

Коронавирус2
Көрнекі фото: pixabay.com

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы директорының бірінші орынбасары, эпидемиолог Бауыржан Жүсіпов коронавирустың екінші толқыны қалай өтеуі мүмкін екенін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Жүсіпов "коронавирус індетінің негізгі толқынын өткіздік" деген пікірдегі адамдармен келісетінін жеткізді. Оның сөзінше, Қазақстанда негізгі толқын осы жылдың маусым-шілде айларында болған.

"Мұны бізге қолжетімді статистикаға, ауруханаға жатқызу деректеріне қарап айта аламыз. Дегенмен, тіркелген статистикалық мәліметтер шынайы жағдайды көрсете алмайды. Менің ойымша, бұндай жағдай бүкіл әлемде бірдей. Көктемде науқастарды тіркеген кезде жеңіл және симптомсыз формасына, орташа ауыр және ауыр формасына қатысты мүлде басқа ара қатынасты байқаған едік.

Бұған қоса, орташа және ауыр формамен ауырғандардың саны басым болды. Коронавирусқа шалдығудың шырқау шегінен өткенімізді білдіретін тағы бір жайт - өкпе қабынуының өте көп болуы. Оның үстіне қазір Денсаулық сақтау министрлігі бұл өкпе қабынуларын COVID-19 деп санап, тіркеуге қосып отыр. Яғни, өкпе қабынуылары ПТР-диагностикалау көмегімен анықталған еді", - деді ол.

Эпидемиолог коронавирус індетінің шырқау шегінен өтіп кету алдағы уақыттағы жағдайға оң әсерін тигізетінін сөз етті.

"Себебі, енді иммунитеттің бар екендігін білеміз. Коронавирусты қайталап жұқтырып алу деректері бірен-саран ғана. Оның өзі де ағзаның ерекшелігіне, иммунитеттің қалыптасуына байланысты. Жалпы, иммунитет бар. Осыны ескерер болсақ, коронавирустың екінші толқыны біршама жайдақ өтеді. Яғни, маусым-шілдедегідей күрт өршімейді.

Біз де, Денсаулық сақтау министрлігі де, жалпы қоғам да дайын болады. Желтоқсанға қарай ол күрделене түседі. Қыркүйек пен қазан айлары біршама тыныш өтеді", - деді Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы директорының бірінші орынбасары.

Естеріңізге сала кетейік, премьер-министр Асқар Мамин бұған дейін үкіметтің онлайн отырысында күзде туындауы мүмкін пандемияның жаңа толқынына дайын болуды, әрі оның алдын алу үшін барлық белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп, жоспарланған шаралар кешенін іске асыруды тапсырған болатын.

Сонымен қатар, ол Нұр-Сұлтан қаласындағы "СҚ-Фармация" логистикалық хабына барып, онда коронавирус инфекциясын емдеуге арналған дәрілердің бар-жоғымен және еліміздің денсаулық сақтау мекемелерін медициналық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1871260-elimizde-koronavirusty-ekinsi-tolkyny-kalaj-tui-mmkin-belgili-epidemiolog-pikir-bildirdi/

pixel