RU

Алматы – Бішкек тас жолында көкпар тартқандар ұсталды (видео)

Фото
Фото: Видеодкан кадр

Алматы облысының полициясы тас жолда "көкпар" тартқандар анықталып, жауапкершілікке тартылғанын мәлім етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде Қарасай ауданындағы тас жолдың бойында бір топ адамның "көкпар" ұйымдастырғаны бейнеленген видео тараған болатын.

Басылымның жазуынша, кадрдан 20-30 адамнан құралған топтың жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, "Алматы – Бішкек тас жолы" бойында заңсыз көкпар ұйымдастырғанын байқауға болады.

Ведомсвто аталмыш видеоны зерттеп, зерделей келе бұл жайттың Бұлақты ауылының маңында болғанын анықтаған.

"Полиция қызметкерлері жолда ат жарыс ұйымдастырушыларды анықтау және оларды жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шараларды қабылдады. Қабылданған шаралар нәтижесінде, "көкпар" ұйымдастырған және оны тартуға атсалысқан Бұлақты кентінің сегіз жергілікті тұрғыны ұсталды", - делінген хабарламада.

ПД мәліметінше, барлық аталған тұрғындар Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес (ұсақ бұзақылық) дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Айта кетейік, бұған дейін еліміздегі төтенше жағдай кезінде Жамбыл облысында көкпар мен құдалық ұйымдастырған тұрғындардың жауапкершілікке тартылғанын хабарлаған едік.

Сол кезде көкпар ұйымдастырған ер адам ТЖ режимін бұзғаны үшін жеті тәулікке қамауға алынған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1872033-almaty---biskek-tas-zolynda-kkpar-tartkandar-staldy-video.html