RU

Ғаламторда балаларды жыныстық қатынасқа итермелеу көбейді

Қазір ғаламтор желісін пайдаланбайтын бала кемде-кем шығар. Әсіресе жаз мезгілінде, демалыс уақытында балалардың дені ғаламдық торды жан серігіне айналдырып алатыны шындық. 

Дегенмен әрбір ата-ана осы бір дүниенің бала психологиясына қаншалықты теріс әсер етіп жатқанын бағамдай бермейді.

Одан балаларды қорғау жолын да дұрыс қарастырмайды.

Ал ғаламтордан қорғалмаған бала түрлі психологиялық ауруларға душар болуда.

Бұл туралы Алматыда "Балалардың интернеттегі қауіпсіздігі" атты тақырыпта өткен конференция барысында айтылды.

Бұрын жаз мезгілі бола қалса бала­лардың барлығы азаннан қара кешке дейін үй көрмей далада ойнап жүруші еді.

Қазір ауылдық жерде де, қалалы жерде де сыртта асыр салып жүрген баланы сирек кездестіреміз. Себебі оларды үйге матап тастаған бір дүние бар, ол – компьютер.

Ғаламтордан түрлі ойындар ойнап, түрлі әуен тыңдап, бейнежазба көруге құмартып алған олар тіпті компьютердің жанынан шықпайтын болды. Бүлдіршіндерді компьютерсіз көзге елестету де қиын болып бара жатқан сияқты.

Күндіз үй көрмей, түнде ұйқы көрмей жұмыс істейтін ата-аналар үшін де компьютер балаларын алдарқайтын жақсы құралға айналды. Конференцияға қатысқан мамандардың сөзіне қарағанда, осы ғаламтор желісінің балалардың психологиясына қаншалық­ты зиянын тигізіп жатқанын көп ата-ана біле бермейді.

Білсе де, одан балаларын қорғаудың жолдарын меңгермеген. Ал мұның салдары балалардың өскенде маскүнем, зинақор, жауыз болып өсуіне әкеліп соғады. Мәселен, Ресейдің Ішкі істер министрлігі ғаламторға арнайы тексеру жүргізіп, терроризм мен экстремистік сипаттағы 40-қа жуық сайтты анықтаған. Бір ғажабы, оның әрбір төртіншісі осы елде орнатылған екен.

Егер Қазақстанның ақпарат нарығын Ресейдің жаулап отыр­ғанын ескерсек, демек, әлгі сайттарды біздің балаларымыз да көреді деген сөз. "Балалар қарапайым мектеп тапсырмаларынан бастап, түрлі тақырыптағы рефераттарды, басқа да танымдық дүниелерді интернет арқылы орындайтын болды.

Бірақ ата-аналар да, ұстаздар да, тіпті балалар­дың өздері де көп ескере бермейтін бір мәселе бар, ол – интернеттің қауіптілігі, ондағы кейбір дүниелердің адам пси­хо­логиясына кері әсер етуі. Мәсе­лен, қазіргі күні ата-аналардың көбі ғалам­торда бала­ларды кішкене күнінен терроризм мен экстремизмге, зорлық-зом­­былыққа тәр­бие­лейтін қара ниетті сайт­тар­дың бар екенін білмейді.

Балаларды сек­суал­ды мән­дегі қатынастарға үгіттейтін интер­нет­тегі танысу алаңдарынан хабарсыз. Ал бұл балалардың денсаулығына да, пси­хо­логия­сына да, жалпы, өміріне үлкен қауіп төн­діруде", – дейді жиынға қатысқан мамандар. Сондай-ақ балаларды интернеттен қорғаудың жолдары туралы айтылды. 

Елена ГАЛУШКИНА, High Tech for Human компаниясының директоры: 

– Балаларды интернеттен қорғау­дың түрлі жолдары бар. Біріншіден, әр ата-ана баласына ғаламтор туралы толық мәлімет беруі тиіс. Оның пайдасымен қоса зияны туралы да айтуы керек. Балаларды интернеттен қорғайтын жалғыз періште – ата-ана. Қазір неше түрлі ақша табуға құралған сайттар бар.

Балалар интернетті ақтарып отырып, оларға кіріп кетеді. Егер ата-аналары қадағаламаса, бұл оларға үлкен шығын алып келуі ғажап емес. Бұдан басқа интернеттегі бұзақылар, мәселен, хакерлер балаға шабуыл жасауы мүмкін.

Негізінен, қазір бала­лардың көбі кітаптан алшақтап барады. Менің оларға берер кеңесім: компьютермен қатар бір мезгіл кітап оқу да – пайдалы дүние. 

Гюнтер ДАМ, "Microsoft Қазақстан" компаниясының бас директоры:

– Балаларды интернеттен қорғау­дың екі жолы бар деп ойлаймын. Бірін­шісі – білім беру компанияларын дамыту. Яғни әрбір ата-ана, ұстаз­дар қауымы балаларға интернеттегі кейбір сайттардың зияндылығы туралы айтып отыруы керек.

Екіншісі – жаңа технологияларды пайдалану. Қазір ғалам­тордағы сайттарды рет­теп, бақы­лап отыратын арнайы бағдар­лама­лар бар. Сіз бағдарлама арқылы бала­ңыздың қандай сайттарға кіріп жүргенін біле аласыз. 

Жалпы, ақпарат жүйелерінің дамуынан гөрі, оны қолданушылар санының жылдам артатыны белгілі. Мамандар соңғы жылдары Қазақстанда да интернетті серігіне айналдырып алғандар қатарының екі есеге көбейгенін айтады. Оның дені мектеп жасындағы балалар екен.

Жақында High Tech for Human компаниясы арнайы зерттеу жүргізіп, мынадай жағдайларды анықтапты, яғни Қазақстандағы интернетті тұрақты пайдаланатын балалардың 44 пайызы ғаламтордағы виртуалды қатынас кезінде жыныстық қатынасқа мәжбүрлікке ұшыраған, 14 пайызы интернет арқылы кездесуге шақырылған, 19 пайызы порносайттарды көреді, 38 пайызы зорлық-зомбылық туралы сайттарды ақтарады.

Қазақстандағы интернетті тұрақты пайдаланатын балалардың 44 пайызы ғаламтордағы виртуалды қатынас кезінде жыныстық қатынасқа мәжбүрлікке ұшыраған, 14 пайызы интернет арқылы кездесуге шақырылған, 19 пайызы порносайттарды көреді, 38 пайызы зорлық-зомбылық туралы сайттарды ақтарады.

Ал балаларды қорғау агенттігінің хабарлауынша, балаларымыздың 16 пайызы ресейлік сайттарды тұрақты пайдаланады. Бұл сандарға қарап, әрине, ғаламтордың балалар психологиясына қаншалықты соққы беріп жатқанын көруге болады.

Сон­дықтан әрбір ата-ана, әрбір ұстаз балаларды осындай кері дүниелерден сақтау үшін арнайы шара қолданып, ғаламторды үнемі бақылап отыруы тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/187221-galamtorda-balalardy-zhynystyk-katynaska-itermeleu-kobejdi.html