RU

Қызылорда облысында карантин тәртібін бұзған ауыл әкімі жазаланды

шенеуінік
Көрнекі фото: pixabay.com

Қызылорда облысында карантин талаптарын сақтамай көпшілікпен табиғат аясына демалуға шыққан ауыл әкімі тиісті жазаға тартылды деп жазады KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылдық округі әкімінің тәртіптік ісі қаралды.

"Әлеуметтік желідегі жазбада ауыл әкімінің карантин режимін сақтамағаны айтылған. Ол табиғат аясында әріптестерімен демалыс ұйымдастырған. Осылайша санитарлық талаптарды бұзған. Бұл көпшілік тарапынан сынға іліккен болатын", - деді ведомство өкілдері.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері тәртіптік істі қараған. Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін ауыл әкімі "ескерту" түріндегі тәртіптік жазаға тартылатын болды.

Еске сала кетсек, Атырауда полицейлер бір күнде үш үйлену тойын тоқтатқан еді. Той ұйымдастырғандарға жаза тағайындауды шешу үшін оқиға материалдары санитар дәрігерлерге жіберілді.

Атырау облысы полиция департаментінің мәлімдеуінше, құқыққорғау органдары бесінші шілдеден бастап, өңірде карантин режимін бұзған 1713 оқиғаны анықтаған. Олардың елуден астамы отбасылық жиындар.

Сондай-ақ, Павлодарда карантинге қарамастан, ескертуді елемей екі рет той өткізген кафе анықталды.

Сонымен бірге, Қазақстанда тойханалардың жаппай сатылып жатқаны хабарланды.

Сатылымға шыққан той өтетін орындардың бағасы аспандап тұр. Ең арзаны 300-400 миллионнан басталып, миллиардтарға дейін барады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1872293-kyzylorda-oblysynda-karantin-trtibin-bzgan-auyl-kimi-zazalandy.html