Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Коронавирустың жүкті әйелдерге қалай әсер ететіні белгілі болды

Опубликовано:

Жүкті әйел
Көрнекі фото: health.24tv.ua

Ғалымдар коронавирустың жүкті әйелдерге қаншалықты қауіп төндіретінін зерттеді. Індет аяғы ауыр келіншектердің денсаулығына кері әсер ететін болып шықты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы gazeta.ru сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлыбританияның Бирмингем университетінде және Қытайдың Гуаньчжоу медицина университетінде қызмет ететін зерттеушілер COVID-19 инфекциясын жұқтырған жүкті әйелдер мерзімінен бұрын босанып қалуы мүмкін екенін ескертуде.

Індет, әсіресе артық салмағы бар және асқынған дерті бар аяғы ауыр әйелдер үшін қауіп тудырады екен.

Жүктілік кезінде COVID-19 белгілерінің кейбірі сирек кездескенімен, дертті жұқтырып алу әбден мүмкін. Зерттеу нәтижелері BMJ журналында жария болған.

Ғалымдар 2019 жылдың 1 желтоқсанынан 2020 жылдың 26 маусымы аралығында жария болған 77 зерттеу жұмысына талдау жүргізген. Бұл зерттеулерге коронавирус жұқтырған 13 мыңнан астам жүкті әйел қатысқан екен.

Белгілі болғандай, жүкті әйелдер денесі ауырып, ыстығы көтерілу сынды коронавирус белгілерін сирек сезінеді. Дегенмен қарқынды терапия мен өкпені жасанды тыныстандыруға көбірек жүгінетін көрінеді.

Одан бөлек коронавирус мерзімнен бұрын босанып қалу қаупін жоғарылататын болып шықты. Жүкті әйел артық салмақ жинаса, асқынған дерттері болса, немесе жасы үлкен болса, коронавирус оған жоғары қауіп төндіруі мүмкін.

Ал нәрестенің коронавирустан өлі күйінде туу жағдайы өте сирек кездесетін көрінеді. Франция ғалымдары болса, коронавирус құрсақтағы балаға жұғуы мүмкін екенін анықтаған. Вирус плацентадан өтіп кете алады дейді олар.

Десе де, вирус жұқтырған бала дүниеге келгесін жақсы күтім жасалғанның арқасында, тез жазылып кеткен жағдай да тіркелген.

Еске салсақ, елімізде бір тәулікте коронавирус пен пневмониядан қайтыс болғандар саны 12-ге артқан.

Қазақстанда жақында COVID-19 қарсы отандық вакцинаның клиникалық сынақтары басталады. Осыған байланысты тестке қатысуға ниет білдіргендердің барлығына қойылатын талаптар жарияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1872414-koronavirusty-zkti-jelderge-kalaj-ser-etetini-belgili-boldy/

pixel