RU

Жандарбек Бекшин: Коронавируспен өмір сүруге тура келеді

коронавирус тест
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында қаладағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтып берді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бекшиннің сөзінше, оңтүстік астанада 100 мың тұрғынға шаққандағы ауру деңгейі 5,3 пайызды құрап, жұқтыру деңгейі екі есеге азайған.

"Қазіргі уақытта кереуеттердің 83% бос, бұл жағдайдың тұрақтанғанын көрсетеді. Бірнеше жеңілдету шаралары қабылданған, бірнеше нысандардың, атап айтқанда кітапхана, мұражай, мешіт, шіркеу және тағы басқаларының бекітілген талаптарды сақтап, ұжымдық іс-шараларды өткізбей жұмыс істеуіне, ұлттық парктер мен Медеу, Бутаковка, Алма-Арасан туристік бағыттарына баруға рұқсат етілді", - дейді Бекшин.

Санитарлық дәрігердің сөзінше, демалыс күндері сауда орталықтары, сұлулық салондары, фитнес орталықтар және тағы басқалардың жұмыс істеуіне тыйым салынған. ХҚКО жұмыстары кешкі 8-ге дейін ұзартылды.

"Бірлесе күш салып, маска режимі мен ара қашықтықты сақтасақ, дұрыс болжам жасай аламыз... ДДСҰ мәлімдеуінше және біздің байқауымызша, коронавируспен өмір сүруге тура келетінін көріп отырмыз. Бізге режим мен эпидемиологияға қарсы шараларды сақтау қажет. Осылай ғана біз аурудың күрт өсуіне жол бермей, халықтың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ете аламыз", - дейді Жандарбек Бекшин.

Айта кетейік, соңғы мәліметтерге сәйкес, өткен тәулікте елімізде тағы 88 адамнан COVID-19 инфекциясы анықталған. Осылайша жалпы Қазақстан бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 106 032-ге жетіп отыр.

Сондай-ақ, бір тәулікте коронавирус пен пневмониядан қайтыс болғандар саны 12-ге артты.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1872465-zandarbek-beksin-koronaviruspen-birge-mir-sruge-tura-keledi.html