RU

Ақтөбеде ер адам таң алдында үйін өртеп, үш отбасы далада қалды (фото)

Фото
Фото: Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылында таң алдында үш пәтерлі үй өртке оранды. Бір-біріне жапсарласып орналасқан үш үйдің де түгі қалмай жанып кеткен. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Ертемен сиыр саууға оянатын келіншектер өрт басталғанда бала-шағасын сыртқа шығарып үлгерген деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Шарасыздықтарын айтқан құмжарғандықтар қандай болмасын көмекке мұқтаж. Өртке оранған әр үйде үш-бес баладан бар.

"Таңғы сағат 5-те тұрып, сиыр сауатын едім. Шамамен 4:30-дарда оянып, бес айлық баламды емізіп, ертерек далаға шықтым. Бізде үш отбасы біріккен үш пәтерлі үйде тұрамыз.

Арғы шетте тұратын жас отбасы жақында көшіп келген адамдар. Сол үйдегі келіншектің күйеуі таң атпай "Қазір бәріңді қырамын, өртеймін" деп жүгіріп жүр екен. Үйіндегі төсектерінің бәрін далаға шығарып тастаған.

Жүгіріп келіп, жолдасымды ояттым. Ортадағы үйде жаңағы ер адамның қайын апасы тұратын еді. Жүгіріп, солардың терезесін қақтым. Шулап жүргенімізде түтіннің иісі келді, лаулаған өрт басталып кеткен. Өрт басталған жаңағы көршінің үйін сөндіруге тырыстық. Қара түтін мен жалын жақындатпайды. Ол үйді сөндіре алмаған соң жанұшыра жүгіріп, балаларды оятып, тек үйден шығып үлгердік.

Таңғы сағат 5-те басталған өрт бір сағатқа созылып, үйдің бәрі жанып кетті. Әкім де, өрт сөндірушілер де бәрі жанып болғаннан кейін келді. Енді біреудің кесірінен үйсіз-күйсіз далада қалдық", - дейді бес баланың анасы Ақмарал Досанова.

Тұрғындардың айтуынша, үйді өртеген көршілерін полиция алып кеткен. 40-50 түтіні бар ауылда өрт сөндіру қызметі жоқ. Арнайы өрт сөндіру техникасы 25 шaқырымдық орталықтан келеді екен.

"Жолдасым, үш баламмен осы Құмжарған ауылында тұрамыз. Аяқ астынан далада қалдық. Жолдасымда жұмыс жоқ, өзім балабақшада бала күтушісімін. Сол күні ақшасына біреудің үйінің сиырын саууға баратын болғандықтан ерте оянып жатқанда көршім келіп "шығыңдар, өртеніп жатыр" деп терезе қақты. Ешқандай дүние алынған жоқ. Бәрі өртеніп кетті. Тек құжат алып үлгердік. Жанымдағы үйде күйеубалам тұратын еді. Үйді өртеп жүрген сол. Сіңілім "жолдасым ішімдік ішіп жатыр" деп таңға жақын үйге келген болатын", - дейді Гүлмара Спанова.

Фото
Фото: Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті

Облыстық төтенше жағдай департаменті өрттің 4 қыркүйек күні таңғы сағат 05:44 минутта тіркелгенін растап отыр.

"Мұғалжар ауданы Ембі қалалық №14 өрт сөндіру бекетінің диспетчер пультіне Құмжарған ауылы, Мамытова көшесінің бойында үйдің шатыры өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына 5 адам және 1 техника  жөнелтілді. Анықталғандай, 280 шаршы метр жер өртенген. Өрт сағат 7: 30 минутта оқшауланды, сағат 8:00-де толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ",- дейді ведомстоның баспасөз қызметі.

Күз келгенде ауылдағы туыстарын жағалап қалған жас отбасылар қандай да болмасын көмекке мұқтаж. Көмек көрсетемін деушілер үшін телефон нөмірі:

Ақмарал Досанова - 87054956297 Гүлмара Спанова - 7711228308

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1873004-aktbede-er-adam-ta-aldynda-jin-rtep-s-otbasy-dalada-kaldy-foto.html