RU

Кавасаки синдромының басты белгілері қандай

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Алматы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігер-сарапшысы, балалар инфекциясы кафедрасының меңгерушісі Ғалия Құттықожанова онлайн брифинг барысында Кавасаки синдромының белгілері туралы айтып берді деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, COVID-19 ұқсайтын ауру көпжүйелі қабыну синдромы деп аталады.

Дәрігер Кавасаки синдромы сәуір айында пайда болғанын айтады. Бұл балалардың иммундық жүйесінің қабынуынан болған, дейді Құттықожанова.

Оның белгілері:

  • дене қызуының көтерілуі,
  • жөтел,
  • қан қысымының төмендеуі,
  • ішек ауруы,
  • аяқ-қол ісінуі мүмкін,
  • тыныс алудың қиындауы,
  • жүрек соғысының жиілеуі.

Сондай-ақ, Құттықожанова Кавасаки синдромы - екі жасқа дейінгі балаларда жиі кездесетінін атап өтті.

"Негізінде Кавасаки синдромы кішкентай балаларда жиі кездеседі. Бірақ Ұлыбританияда 14 жастағы бала осы аурудан қайтыс болды. Бұл ауру, әсіресе, коронавирус көп тараған елдерде белең алып жатыр. Ол біздің елде де тіркелді, сол себепті ондай аурумен келіп түсетіндерді қабылдауға қазірден дайын болуымыз қажет. Бұл ауру Covid-19-дың жоғары шегінен 5-6 апта өткен соң тіркелген. Яғни оны коронавирустан кейінгі синдром деп қабылдауға болады", - дейді дәрігер.

Сонымен қатар маман балаларды адам көп шоғырланатын жерге апармауға кеңес берді. Сондай-ақ, адамдармен қарым-қатынасты барынша азайтуға шақырды.

Ал егер адам көп жүретін жерге барып жатса, міндетті түрде маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтаған дұрыс екенін айтады.

Одан бөлек дәрігер баланы көпшілік орындарда тамақтандырмай тұра тұрған жөн, дейді.

"Бастысы, баланың иммунитетін көтеруге күш салу керек. Дұрыс тамақтану қажет", - деп сөзін қорытындылады Ғалия Құттықожанова.

Еске сала кетсек, бұған дейін елімізде балаларды коронавирустан емдеудің жаңа хаттамасы әзірленгені хабарланған еді.

"Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" АҚ басқарма төрағасы Риза Боранбаеваның айтуынша, енді Қазақстанда коронавирустан емдеудің үш хаттамасы қолданыста болады. Біріншісі ересектерге арналған, екіншісі жүкті әйелдер үшін, ал үшіншісі балалар үшін.

Сондай-ақ ДСМ өкілі балаларға COVID-19 инфекциясын жұқтыру қаупін азайту үшін мектептерде қолғап кию керек пе деген сұраққа жауап берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1873031-kavasaki-sindromyny-basty-belgileri-kandaj.html