Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысы Тексеру комиссиясының аудиторлары сотта өз беделін қорғап қалды

Опубликовано:

соттасу1
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Ақтөбе облысы бойынша Тексеру комиссиясының жеті аудиторы сотта өздеріне және өздерінің іс-әрекеттеріне қатысты таралған жағымсыз ақпарат шындыққа жанаспайтынын дәлелдеп, сот процесін жеңді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Оқиға 2019 жылдың 10 маусымында, шамамен кешкі сағат 20:00-де жұмыс күнінен соң басталған. Ақтөбе облысы Тексеру комиссиясының жеті қызметкері Ойыл ауданы, Ойыл ауылындағы Ш.Бекмұхамбетов атындағы мектеп-гимназияcының интернатына орналастырылған. Сөйтіп интернатқа екі жас жігіт кіріп, "Мұнда бөлмені жалға алуға бола ма?" деп сұраған.

Кейінірек, олардың бірі Ақтөбе облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің бас маманы Ақансері Ержанұлы Сұлтанбеков болғаны анықталған. Ол өзін "Ақтөбе-Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі іссапарға жібергенін айтып, жасырын түсірілім жүргізген.

Шын мәнісінде, Ақтөбе облысы бойынша Тексеру комиссиясының жеті қызметкері, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, белгіленген төлеммен коммуналдық меншікті жалға алу туралы жасалған келісім-шарт негізінде 2019 жылдың 27 мамырынан 5 шілдесіне дейінгі мерзімге мектеп-интернат ғимаратына, демалыс кезінде, оқу процесіне кедергі келтірмей орналастырылды. Сондай-ақ, еңбек шарты бойынша жергілікті тұрғындардан жалданған қызметкер іссапардағы қызметкерлерге тамақ дайындады.

Ойыл ауданы, Ойыл ауылында қонақ үйлер жоқ және үйлер де жалға берілмейді. Екі шағын қонақ үйдің бірінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жабық болған, ал екіншісінде бірнеше адамның ұзақ мерзімде тұруы үшін жағдай жасалмаған. Сол себепті Ойыл ауданының басшылығы аудиторларды интернат ғимаратына орналастыру туралы шешім шығарған.

Болған жағдайдың заңдылығын тексермей, Ақтөбе облысы Тексеру комиссиясының басшылығын хабардар етпей, А.Е.Сұлтанбеков өз басшысы Р.Медетовқа ғана айтып, "Ақтөбе-Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі үшін материал дайындауға шешім қабылдаған.

"Ақтөбе-Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің ұсынуымен КАZ.NUR.KZ-те 2019 жылы шілденің төртінде, сағат 16:30-да "Ақтөбе облысында шенеуніктер балалар жататын интернатты қонақ үйге айналдырған" деген тақырыппен материал жарияланған.

Осы мақалалар БАҚ бетінде жарық көргеннен кейін Ақтөбе облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті Ойыл ауданына барып қызметтік тексеріс жүргізді. Нәтижесінде мемлекеттік қызметті кемсітетін тәртіптік құқық бұзушылық фактілері анықталмады.

Осы жағдайды шешу үшін Ақтөбе қаласының сотына талап-арыз берілді. Сот барысында материалдар негізінде психологиялық-филологиялық сараптама тағайындалды. Сарапшының қорытындысында мақалаларда шындыққа жатпайтын фактілер бар болғандықтан, Ақтөбе облысы бойынша Тексеру комиссиясы қызметкерлерінің іскерлік беделін түсіретін фактілер бар екені анықталды. Нақтырақ айтқанда, мақалалардағы және видеодағы мәтіндер қысқарытылған және толық көлемде берілмеген, мәтінде болжам жасалған.

Сонымен, Ақтөбе қаласының соты тараптарды тыңдап, істің барлық материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай отырып, БАҚ-та көрсетілген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және Ақтөбе облысы бойынша Тексеру комиссиясы қызметкерлерінің іскерлік беделін түсіреді деп тапты.

Сот жауап беруші А.Е.Сұлтанбековті "Ақтөбе-Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі арқылы БАҚ беттерінде жарияланған Ақтөбе облысы бойынша Тексеру комиссиясы қызметкерлерінің іскерлік беделін түсіретін фактілер келтірілген мақалалар мен видеороликтерді жоққа шығаруды міндеттеді.

Ақтөбе қалалық сотының шешімі заңды күшіне енді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1873129-aktbe-oblysy-tekseru-komissiasyny-auditorlary-sotta-z-bedelin-korgap-kaldy/

pixel