RU

Нұр-Сұлтанда көшеге жүгіріп шыққан жеткіншекті автобус қағып кетті (видео)

Жедел жәрдем
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Нұр-Сұлтанда жеткіншекті автобус қағып кетті. Бұл жайтты қоғамдық көлік жолаушылары видеоға түсіріп алған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Оқыс жағдайдың бейнеролигін zhaloby_astana атты Instagram-парақшасы жария еткен.

Автобус ішіннен түсірілген видеода адамдар жедел жәрдем шақырып, у-шу болып жатқаны естіледі. Олар жағдайды ушықтырып алмас үшін жедел жәрдем келгенше жеткіншекті тиіспеуге шақыруда.

Жеткіншек соққыдан құлаған сәтте баспен ұрылғанын байқауға болады. Жазбадағы мәліметке сәйкес, жеткіншек шамамен 16 жаста. Жазба авторының сөзіне сенсек, жеткіншек рұқсат етілмеген жерден көшеге жүгіріп шыққан.

"Көшеге жүгіріп шығып, өзінің де, көлік жүргізушісінің де өмірін ойран етті. Тірі қала ма, жоқ па белгісіз", - деп жазған видео авторы.

Жағдайға қатысты Нұр-Сұлтан полициясы ресми Instagram-аккаунты арқылы жазбаның астында пікір қалдырып, түсініктеме берді.

Құқық қорғау органдарының мәліметтеріне сәйкес, қайғылы жағдай кеше, 8 қыркүйек күні болған.

"Iveko маршруттық автобусының жүргізушісі Жұбанов көшесінен Кеңесары көшесіне бағыт алған сәтінде 2003 жылғы кәмелетке толмаған жеткіншекті қағып кетті. Белгілі болғандай, жеткіншек автобус қозғалып жатқан сәтте оң жақ тұсынан сол жаққа қарай рұқсат етілмеген жерден жолға жүгіріп шыққан. Факті бойынша тергеу жүргізілуде", - дейді полицейлер.

Зардап шеккен жеткіншек көптеген дене жарақаттарымен емханаға жеткізілген.

Еске салсақ, кеше Алматыда жүк көлігі трактор мен жұмысшыларды қағып кеткені белгілі болған.

Одан бөлек, Алматыда анасымен бірге көлікте болған үш бала жол апатынан зардап шеккен еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1873287-nr-sltanda-ksege-zgirip-sykkan-zetkinsekti-avtobus-kagyp-ketti-video.html