RU

"Қорғамақ болдым": Күйеуін өлтіріп, денесін бөлшектеген петропавлдық әйелдің әңгімесі

Фото
Көрнекі фото: pixabay.com

Петропавл қаласындағы ЕС 164/6 түзету мекемесінде жазасын өтеп жүрген Елена күйеуін өлтіріп, кейін бөлшектеп қоқысқа лақтырғаны үшін сотталған. Ол жантүршіктірерлік қылмысы үшін өмірінің 10 жылын темір тордың ар жағында өткізеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап.

Петропавл қаласының тумасы Елена орта мектепті аяқтап, "Станок жасау" мамандығы бойынша арнайы білім алған. Ол ел қатарлы тұрмысқа шығып, екі баланы өмірге алып келді. 25 жыл отасқан күйеуі 2007 жылы көз жұмған. 2010 жылы жесір әйел Иван есімді жігітпен танысып, қайтадан тұрмыс құрыпты. Ерлі-зайыптылар азаматтық некеде тұрған.

"Бастапқы екі жылда бәрі жақсы болды. Отбасы болып, бір шаңырақ астында өмір сүрдік. Уақыт өте келе мінезі өзгере бастады. Жұмыс істеуден қалды. Күнде араққа тойып алып, ұрыс-керіс шығаратын болды. Тапқан азын-аулақ ақшасы арақтан артылмайды. Өз қалауымен өмір сүріп жатты. Бойындағы қызғаныш сезімінің кесірінен үйде үнемі жанжал туындайтын халге жеттік. Үнемі несие алуға көндірмек болатын", - деп өткен күнді есіне алды жазасын өтеуші.

2018 жылдың ақпан айында Елена кешке жұмыстан үйге оралған сәтте арақ ішіп отырған Иванмен сөзге келіп қалады. Оның соңы үлкен ұрыс-керіске ұласқан.

"Жанжалды жалғастырмау үшін кешкі ас әзірлеуге кірістім. Алайда Иван қайта-қайта ұрыса берді. Оның арақ сатып алу үшін ақша талап еткенін елемеген соң, жұдырық қосылды", - дейді әйел.

Тамақ дайындамақ болып қолына пышақ ұстаған Елена жұдырықтың жауабын суық қарумен қайтарған. Орнынан құлаған күйеуін диванға жатқызбақ болған уақытта оның өліп қалғанына көзі жетіпті. Әйел мәйітті балконға шығарып, өзі үйден қашып кетуге бел байлаған.

Далаға шығып, біраз ойланған Елена болған жайтты жасырып қалу туралы шешімге келеді. Балалары не ойлайтыны, ары қарай қалай өмір сүретіні жайында қайғырып, ойы сан-саққа жүгірген әйел келесі күні жұмысына барған.

Күйеуінің денесінен біртіндеп құтылуды ұйғарған қылмыскер оны бөлшектеп, күн сайын жұмысқа бара жатқанда бір-бір мүшеден қоқысқа тастап тұруды ұйғарады.

Бірақ ол "мәйіттен" толық құтылып үлгермейді. Себебі қанішер әйелдің қылмысы әшкере болған. Қоқыстан қапқа салынған адам денесінің бөлшегін көрген көршілер тәртіп саұшыларына жүгінген екен. Істің соңы сот, одан кейін темір торға ұласады.

"Жаңа өмірге" бейімделу оңай болған жоқ. Сөлтүстік Қазақстан облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің түзету мекемесіне түскен сәтте-ақ Петропавл кәсіптік колледжінің "плитка төсеуші" мамандығына жазылдым. Еңбек қана біртіндеп өмірге оралуыма көмектесті", - дейді Елена.

Қазір жазасын өтеуші түзету мекемесінің жанындағы "Еңбек-Қызылжар" кәсіпорнында жұмыс істеп жүр.

Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Мадина Ерғалиеваның айтуынша, жазасын өтеп жүрген әйелдердің арасында ағасын, бауырын, тіпті әкесін өлтіргендер де бар.

"Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қылмыстың туындауының басты себептерінің бірі – отбасылық жанжал, зорлық-зомбылық. Көп жағдайда әйелдер өздерін қорғамақ болады. Алайда бұл ешкімді жауапкершіліктен босатпайды. Адам өмірі ойыншық емес. Кім болса да, қолмен жасаған қылмысының жауабын беруге тиіс", - дейді Ерғалиева.

Естеріңізге сала кетсек, Алматыда арнайы шақыртумен келген сантехник пәтерде үш адамды пышақтап тастағанын жазған болатынбыз. Салдарынан біреуі оқиға орнында көз жұмды.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1873366-korgamak-boldym-kjeuin-ltirip-denesin-blsektegen-petropavldyk-jeldi-gimesi.html