RU

Алматы облысында 17 жастағы студент 10 күннен бері табылмай жатыр

Равиль1
Равиль. Кадр: КТК арнасындағы сюжеттен алынды

Алматы облысында он күн бұрын үйінен шығып кеткен студентке іздеу салынды. 17 жастағы Равильден әлі хабар жоқ деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК арнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның хабарлауынша, түс қайта үйден шығып кеткен Равиль сол күйі қайтып оралмаған.

Туыстары "томаға-тұйық баланың безіп кетуіне ешқандай себеп жоқ", дейді. Ойлары сан-саққа жүгіріп, ұлына алаңдаған жақындары күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылған.

Равильдің әжесі немересінің мінезі салмақты, мектепте ең үздік оқушы екенін айтады. Алайда үйден кіммен, не мақсатпен кеткенін түсінбей аң-таң.

Қазір Масақ ауылының жұрты жұдырықтай жұмылып бозбаланы жақыдарымен бірге іздеп жүр. Оны соңғы рет тұрғындардың бірі Қорғас-Алматы тас жолына бағыт алғанын көрген.

Содан бері колледж студентінен хабар жоқ. Еріктілер мен полиция, құтқарушылар мен көрші-қолаң төңіректі түгел қарап шыққан. Бірақ әзірге нәтиже жоқ.

Ал арнайы іздестіру тобының өкілдері Равиль үйінен кетуді алдын ала жоспарлады деген болжам жасап отыр.

"Қоғам" іздестіру тобының мүшесі Ақмарал Қадырқұлованың айтуынша, топ ІТ мамандарының көмегімен бозбаланың барлық әлеуметтік желідегі парақшаларын бұзып, ішін зерттеген.

Равиль аниме мультфильмдерінің фанаты болғаны анықталды. Компьютерлік ойындарға әуестігі де бар көрінеді. Ең қызығы, ол үйінен шығарда парақшаларын түгел жойып, ұялы телефонын үйде қалдырып кеткен. Барлығын алдын ала жоспарлауы да мүмкін дейді Ақмарал Қадырқұлова.

Ал Шелек полиция бөлімі бастығының орынбасары Дидар Базарбаевтың айтуынша, бозбаланың жоғалып кеткені жайлы хабар 31 тамызда түскен.

"31 тамызда із-түзсіз кеткен баланың анасы арызданды. Сол уақыттан біз жедел түрде аудан және облыстық ішкі істер басқармаларына бағыттама жіберіп, өзіміз Шелек аумағында іздестіру жұмыстарын жүргіздік. Бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғандықтан, Алматыдан еріктілерді шақырдық. Жол бойындағы барлық дүкеннен сұралды", – дейді Дидар Базарбаев.

Әзірге ешқандай нәтиже жоғына қарамастан, Равильдің туыстары оның үйге аман-есен оралатынына сеніп, үміт үзбей отыр. Бауыр еті баласына алаңдаған ата-ана 17 жастағы бозбаланы көрген-білгендер болса, хабар беруін сұрайды.

Дереккөз: КТК арнасы

Еске салсақ, бұған дейін ақтөбелік тұрғын Жібек Мырзағалиеваның жалғыз ұлына іздеу салғанын хабарлаған едік. Ол екі аптадан бері баласынан хабар ала алмай отырған.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1873485-almaty-oblysynda-17-zastagy-student-zogalyp-ketti.html