RU

Павлодар облысында ауыл жастары жалғызбасты зейнеткерге үй салып берді (фото)

Фото
Фото: pavlodarnews.kz

Шарбақты ауданы Есілбай ауылының белсенді жастары жергілікті зейнеткерге екі бөлмелі үй салып берді деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сержан Иманқұловтың сөзінше, 66 жастағы зейнеткер жалғыз тұрады.

"Есілбай ауылында үйі болған еді. Өткен жылы бір бөлмесінің шатыры түсіп кеткен және жөндеуге келмейді. Ол өзі ешкімнен көмек сұрап, жүгінген емес. Зейнеткерге ауыл жастары өздері үй салып беруге ниет білдірді. Бастапқыда апамыз ұялып, бас тартқан болатын. Бірлігі жарасқан жастар қысқа уақыттың ішінде баспана тұрғызып берді. Осы аптаның аяғында есігін салып, ақтау жұмыстарын аяқтайды", - дейді ол.
Фото
Фото: pavlodarnews.kz

Құрылыс жұмыстарына ауылдың 30 шақты адамы атсалысып жатыр.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындары зейнеткерге жайлы жағдай жасау үшін тоңазытқыш, газ плитасы және кір жуатын машина сияқты тұрмыстық техникаларды сатып алып бермек. 

Фото
Фото: pavlodarnews.kz

Ал 66 жастағы зейнеткер қол ұшын берген барша жанға алғысын білдірді.

"Екі жылдан бері тұрып жатқан әке-шешемнің үйінің төбесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу керек болатын. Мен ешкімге салмақ салып, көмек сұрағым келмеді. Әркімнің өз отбасы мен жұмысы бар. Бірақ жастардың өздері қолқа салып, көмек көрсетуге ниет білдірген соң беттерін қайтарғым келмеді.
Ауланың ішінен үй салып, электр сымдарын тартты, құрылысты аяқтауға таяп қалды. Олардың бұл істеріне ризашылығымды білдіремін. Алла разы болсын! Өзгелерге  жасаған жақсылықтары өздеріне еселеніп қайтсын", - дейді зейнеткер. 

Еске сала кетсек, осыған дейін Алматы облысы Кербұлақ ауданының кәсіпкерлері көпбалалы және жалғыз басты үш бірдей отбасыға үй алып бергенін жазған едік.

Сонымен қатар маңғыстаулық қайырымды жандар да көпбалалы анаға үй салып берген еді.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1873562-pavlodar-oblysynda-auyl-zastary-zalgyzbasty-zejnetkerge-j-salyp-berdi-foto.html