Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Аттарды өлтіріп алып жатырмыз": Шымкентте қала сыртынан жаңа ипподром салынбақ

Опубликовано:

Иподром
Фото: instagram.com/zhest_kz

Шымкентте қала сыртынан жаңа ипподром салынады. Үшінші мегаполистегі ескі атшабардың орнына жаңа тұрғын үй кешені бой көтермек деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Миллионды қалада соңғы уақытта көтеріліп жүрген өзекті мәселелердің бірі-жаңа ипподромның салынуы. Иә, ескіге көзі үйренген тұрғындар үшін қала сыртынан бой көтерген ат жарыс алаңына бейімделу оңай бола қоймасы анық. Дегенмен, соңғы кездері ешкім бармайтын, елеусіз тұрған атшабардың жаңа орыннан қоныс тебуі, стандартқа сай салынуы қалалықтарға жаңа тыныс сыйлайтыны анық.

Қалада орналасқан ипподромның жануарларға тигізген кері әсерін бірі білсе, бірі білмейді екен. Мәселен, осыған дейін атшабардағы жылқылардың тыныс алуы қиындап, мерт болған жағдайлар кездескен. Ал көкпар шапса да, ауылдың сыртын айналатын халық үшін қала маңынан салынатын ипподром өте ыңғайлы болмақ.

Бұл туралы Ұлттық спорт ойындары қауымдастығының төрағасы Ғани Ахметбаев та айтып берді.

"Ат сондай жылдамдықпен жүріп келе жатқан кезде ауа ауысуы қажет. Бұл қазаншұңқыр сияқты болып қалды. Біраз атты әр жарыстарда өлтіріп алып жатырмыз. Қаладағы біздің қауымдастық бар, федерациялар бар. Барлығымыз жиналғанда ипподромды қала сыртына ыңғайлы жерге шығарайық деген ұсынымыз болды. Оны кезінде Асқар Исабекұлы Мырзахметовке бергенбіз. Жобалар басталған. Айналма жол жақта, өте биікте орналасқан, салқын самал ұрып тұрады", - деді ол.

Үшінші маңызды қала атанған Шымкент жаңа өркениетке қадам басып келеді. "Ескіні жамағанның есі кетеді" дегендей, мегаполистегі көне кешеннің "жыртығын жамағанша", жаңа әрі қолайлы ипподром салу құба-құп болмақ. Оның үстіне бұл алып құрылысқа бюджеттен ешқандай қаражат бөлінбейді. Себебі, кәсіпкерлер өз қаржыларына инфрақұрылым объектісін салып беруге әзір.

Жаңа ипподромның құрылысына қатысты зиялы қауым өкілі, жазушы Мархабат Байғұт та пікір білдірді.

"Ипподромға небір аттар мен көліктер келеді. Баудың, көлдің айналасын ластамастан, Бозарықта бұл ипподромнан әлдеқайда керемет, биік, жел тиіп, ауаны тазартып тұратын жерге жаңа ипподром саламыз дейді. Мұны, әрине, кейбір тұрғындар, әсіресе, Шымкенттің байырғы тұрғындары қимайтыны рас.

Мен мәселен, өз басым нағыз фактілерді, қаржылар мен мүмкіндіктерді айтқаннан кейін сендім және қолдадым. Сондықтан, жаңалықтан жатырқамауымыз керек. Егер пайдалы болса, болашаққа қызмет ететін болса, жас ұрпаққа, мегаполистің ертеңіне, жарқын болашаққа қызмет ететін нәрселер болса, мүмкіндігінше қолдауға тиіспіз деп ойлаймын", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1873742-attardy-ltirip-alyp-zatyrmyz-symkentte-kala-syrtynan-zaa-ippodrom-salynbak/

pixel