RU

"Джип, коттедж алып беремін деді": Белгілі композитор Қайрат Нұртасқа неге ренжулі

фото
Фото: Instagram/fc_kairat_zhuldyz

Қазақстанның мәдениет қайреткері, "Құрмет" орденінің иегері, танымал композитор Бауыржан Есебаев эстраданың мега жұлдызы Қайрат Нұртасқа іштей реніші бар екенін жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Youtube желісіндегі Уақыт көрсетеді жобасына сілтеме жасап.

"Бір шәкіртіңді қанаттандырасың, ұшырасың. Ол биікке көтерілгенде, қасында композиторлар да, ақындар да көбейеді. Ұры да, қары да пайда болады. Ондай кезде сенің қажетің болмай қалады. Сондай бір кездер де Қайрат Нұртастан ажырай бастадым. Арамыз алыстай бастады.

Мен оның алғашқы концертінде алдыңғы қатарда отыратынмын. Одан кейінгі концерттерінде оныншы қатарға жайғастым. Содан кейінгі ән кешінде он сегізінші қатарда отырдым.

Кейін реті келген уақытта Қайраттың әкесі Нұртасты ұстап алып, "келесі концертте соңында отыратын шығармын" деп қалжыңдағаным бар. Осы әзілім шындыққа айналды. Кейбір концерттерінде шақырмайтын болды", - деді Есебаев.

Оның сөзінше, Қайрат Нұртастың концертін, шығармашылығын, өнер саласындағы мәселелерін өзі шешпейді, барлығы продюсерінің қолында екен.

"Қайрат өзі алтын бала. Өте ақкөңіл. Осы ақкөңілділігінің арқасында "таяқ жеп" қалған кезі де болған", - деді ол.

Өз кезегінде бағдарлама жүргізушісі сазгердің сөзін бөлып, эстрада жұлдызы қандай қомақты сыйлық бергенін ашып сұрады.

"Бірде Гүлзира Айдарбекова ұлына 15 мың долларға сағат алып бергенін айтып жатыр екен. Қайрат көрші бөлмеде отырған. Есікті жауып, Қайраттың қасына бардым. Сен маған "коттедж алып беремін дедің бе?" дедім, "иә, аға" деді. "Джип алып беремін дедің бе?" десем, "иә, аға" дейді. "Қайда соның барлығы? Қолыңдағы сағатыңды шеш" дедім. Осы кезде Қайрат "қазір, аға" деп атып тұрды да шығып кетті. Бірнеше уақыттан соң қалтасында мың долларын салып, қайтып келді. "Осыған сағат алыңызшы" деп ұсынды. "Мынау анамның сыйлығы еді, бере алмаймын" деп ақталды", - деді сазгер. 

Сонымен қатар, Есебаев өнер иелері ән жаздыратын кезде уәдені үйіп-төгетінін жасырған жоқ.

"Оның бәріне үйреніп қалғам. Бәрі солай істейді. Кейін уәдесін ұмытып кетеді. Оны қалыпты жағдай деп қабылдауға болады. Олардың сөзіне сеніп, қашан не алып береді деп күтіп жүрген жоқпын. Ол жай ғана сөз жүзінде ғой", - деді композитор. 

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Бауыржан Есебаев қазақ эстрадасында төсек арқылы әншілікке келетіндердің бар екенін жоққа шығармаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1873769-dzip-kotedz-alyp-beremin-dedi-belgili-kompozitor-kajrat-nrtaska-nege-renzuli.html