RU

3000 доллар: Еркеге "Қайда" әнін жазған композитор ең үлкен табысы туралы ағынан жарылды

Диана Исмаилова
Видеодан скриншот: TalkLike / YouTube

Ерке Есмаханға әнін сатқан композитор Диана Исмаилова Аман Тасығанның TalkLike жобасына сұхбат беріп, өз табысы туралы ағынан жарылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

"Қайда" әнін жазған Диана әннің қалай Ерке Есмаханға бұйырғанын айтып берді.

"Мен өзімді композитор деп айтпаймын. Елдер айтып жүр. Мен "Қазақстан дауысы" деген жобаға студент кезімде қатыстым. Содан кейін ән жазу керек болды... "Қайда" атты әнімді Есен деген Төреғалидің әндерін жазған аранжировщикке алып бардым. Ол "мынау күшті ән сияқты" деді. Дауысымды жазып, "әрі қарай дамыта бер" деп тастап кеттім", - деп есіне алды Диана.

Көп ұзамай Дианаға Еркенің өзі хабарласқан.

"Сөйтіп екі-үш күннен кейін Есен звондап тұр. "Ерке деген әншіні білесің бе, сол сенің әніңе ғашық болып, сұрап жатыр, бересің бе" деді. Ойланып қалдым. Ерке звондады. Анаммен ақылдастым. Шетелге оқуға ақша қажет болғасын Еркеге беруге тура келді, солай композитор болдым. Мың доллар көлемінде сатып жібердім, сол кезде 300 мың теңгедей болды... Содан кейін композиторлыққа мамандық ретінде қарай бастадым", - дейді ол.

Диана ең қымбат әнін Қайрат Нұртасқа сатыпты.

"Ең қымбат әнім - 3000 долларға Қайрат Нұртасқа сатылған "Қайран күндер" деп аталатын ән. Бүгінде әнімді орындап жүргендер қатарында Қайрат, Ерке, Мөлдір Әуелбекова, Гүлнұр Оразымбетова, Мәдина Сәдуақасова, өнердегі достарым бар", - дейді композитор.

Әншілік қырымен де танылып жүрген Диана тойларда ән шырқауды ұнатпайтын болып шықты.

"Тойға шақырады, бірақ аса барғым келмейді. Тойға барып өлең айтқаннан іштей біртүрлі боламын. Үлкен сахнаны армандаймын", - деп ойын түйді ол.

Еске салсақ, бұған дейін Диана Исмаилова Төреғалимен жеке өмірі туралы сыбыстарға нүкте қойғанын жазған болатынбыз.

Одан бөлек, сахнамен қош айтысқан Сырым Исабаев қазір қайда жүргенін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1873924-3000-dollar-erkege-kajda-nin-zazgan-kompozitor-e-lken-tabysy-turaly-agynan-zaryldy.html