RU

Ақтауда оққа ұшыраған азамат қылмыс серкесі әрі "Төрт ағайынды" мүшесі болып шықты

Полицей
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Бірнеше күн бұрын Ақтау орталығында ер адамды атып кеткен болатын. Оққа ұшыраған азамат қылмыс серкесі әрі "Төрт ағайынды" мүшесі болып шықты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаланың қақ ортасында оқтың астында қалған 47 жастағы азаматтың атышулы қылмыстық топтың белді мүшесі екені туралы ақпарат айтыла бастады.

«Мұнша жарақат алған адамның тірі қалуы мүмкін емес еді», - дейді дәрігерлер.

Қан-жоса болған ер адам ауруханаға жеткізілген. Алайда ол ота жасау үстінде тілге келместен қаза болған. Ақ халаттылар оған тиген оқтың санына да жете алмапты. Себебі, бытыра оғы ішек-қарын, бауыр секілді ішкі ағзалардың барлығын тескен.

Қаза тапқан азаматтың атышулы «Төрт ағайынды» қылмыстық тобының белді мүшесі екені айтылуда.

Аталмыш топ бұған дейін талай рет рейдерлік әрекет, мұнай ұрлау, ақша бопсалау мен қару жарақ саудасында көзге түскен.

Ер адамға оқ жаудырған күдікті ұсталып, қамауға алынған.

"Аталған жағдай бойынша Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станциясына ешкім телефон шалған жоқ. Жарақат алған кісі алғашында жеке көлікпен Маңғыстау облыстық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Бытыра бірнеше жерге тиіп, бауырын, біраз жетін тесіп, екі жарым литр қан жоғалтқан", - дейді Маңғыстау облыстық ДСБ баспасөз хатшысы Нұрбол Оқуов.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтауда қаланың қақ ортасында ер адамды атып кеткенін жазған болатынбыз.

Одан бөлек, Шымкентте элиталық ресторанда болған атыс кезінде кісі өлтірді деп күдікке ілінген үш жігіт Алматы қаласында қолға түскенін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1873934-aktauda-okka-syragan-azamat-kylmys-serkesi-ri-trt-agajyndy-msesi-bolyp-sykty.html