RU

Алматы облысында жоғалып кеткен жасөспірім өлі күйінде табылды

Равиль
Фото: facebook.com

Алматы облысында жоғалған 17 жастағы бозбаланың өлі күйінде табылғаны белгілі болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Жасөспірімнің мәйітін тұрғындардың бірі тауып алған. 11 қыркүйек күні Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының 45 жастағы тұрғыны “102” пультіне хабарласып, Шелек ауылынан үш шақырым жердегі көлдің жағасынан жас жігіттің жансыз денесін тапқаны туралы қайғылы хабарды жеткізді.

Бұл хабарламадан кейін дереу оқиға орнына келіп жеткен жедел-тергеу тобы мәйіттің із-түзсіз жоғалып кеткен 17 жастағы Равиль Абумуслимовқа тиесілі екенін анықтаған.

Балық аулауға шыққан Шелек тұрғыны кездейсоқ мәйітті тауып алып, бірден полицияға хабар береді. Факті бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Еске салсақ, Равиль 30 тамыз күні Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында жоғалып кеткен болатын. Полицияға баланың туыстары жүгінген. Оны соңғы рет тұрғындардың бірі Қорғас-Алматы тас жолына бағыт алғанын көрген екен. Содан бері колледж студентінен хабар болмаған. Еріктілер мен полиция, құтқарушылар мен көрші-қолаң төңіректі түгел қарап шыққан.

Одан бөлек, Ақтөбеде бір отбасының жалғыз ұлынан 15 күннен бері хабар жоқтығын жазған едік. Із-түзсіз жоғалып кеткен 24 жастағы Самұрат Есетов есімді азамат 25 тамыз күні үйінен жұмысқа шығып кетіп, сол беті қайтып оралмаған.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1873944-almaty-oblysynda-zogalyp-ketken-zasspirim-li-kjinde-tabyldy.html