RU

Жаңаөзен көшесінде жаңадан туған нәресте табылды

нәресте 65464
Көрнекі фото: pixabay.com

Жаңаөзендегі "Рахат" шағын ауданында жер үйге жақын маңда көшенің бойынан жаңадан туған нәресте табылды. Қазіргі уақытта оның анасы іздестірілуде деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Lada.kz басылымының ақпарынша, 11 қыркүйек күні түнде жергілікті тұрғындар нәрестенің жылаған даусын естіген.

Жедел жәрдем қызметі сәбиді Жаңаөзен қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізді.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, нәрестенің дене қызуы 31 градус болған. Кіндігі жұлынған, салмағы – 2 келі 740 грамм, бойы – 49 сантиметр.

Аталған оқиға жөнінде полицияға хабар берілді.

"Қазіргі уақытта нәресте қарқынды терапия палатасында жатыр. Оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланған. Ылғалдандырылған оттегі беріліп жатыр, өз бетінше тыныс алуда", – делінген ведомство хабарламасында.

Сәбидің қайда және қашан туылғаны әзірге белгісіз. Жағдайы жақсарған соң оның мәселесімен қамқоршылық органдары айналысады.

Еске сала кетейік, тамыз айының аяғында Алматы тұрғыны арықтан жаңадан туған нәрестені тауып алған болатын.

Сәбиді Алмалы ауданындағы Райымбек даңғылы бойындағы арықта дәрменсіз күйде қалдырып кеткен.

Алмалы аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімі сәбидің биологиялық анасының орналасқан жерін анықтау және полицияға тапсыру үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізуде.

Кейіннен оңтүстік астананың денсаулық сақтау басқармасы арықтан табылған нәрестенің денсаулығы жайлы айтып берді.

Ол мекемеге ауыр жағдайда түскен. Қатты тоңып қалған, табылған сәтте дене қызуы 34,5 болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1873999-zaazen-ksesinde-zaadan-tugan-nreste-tabyldy.html