RU

Атырау облысында шектеу шаралары ұзартылды

коронавирус 954965
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Атырау облысында шектеу шаралары биылы 28 қыркүйекке дейін ұзартылды. Желіде өңірдің бас санитарлық дәрігерінің қаулысы жарияланды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстың тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті сайтына сілтеме жасап.

Атырау облысының аумағында шектеу шаралары 2020 жылғы 14 қыркүйек сағат 00:00-ден 28 қыркүйек сағат 00.00-ге дейін ұзартылды, делінген құжатта.

Атырау облысының бас санитарлық дәрігері Асылбек Шаровтың соңғы қаулысына сәйкес, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді және әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып келесі нысандардың қызметіне рұқсат берілді:

Шахматтық отырғызу тәртібі бойынша әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып, үзіліс кезінде үй-жайларды желдету, медициналық бетперде кию арқылы жалпы сыйымдылығы 50%-дан аспайтын және 50 адамнан аспайтын мәдени нысандардың, театрлардың, кітапханалардың, мұражайлардың қызметіне;

Сағат 09:00-ден 22:00-ге дейін бір адамға 4 шаршы метр есебінен әлеуметтік қашықтықты ескере отырып, жалпы сыйымдылығының 30%-нан аспайтын сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің (бутиктердің), сауда желілерінің қызметіне;

Сондай-ақ сағат 09:00-ден 22:00-ге дейін жалпы сыйымдылығы 30%-дан аспайтын, бірақ 50 адамнан аспайтын бассейндердің қызметіне алдын ала жазылу бойынша;

Алдын ала жазылу бойынша 15 адамнан аспайтын тобы бар балалар түзету кабинеттерінің/орталықтарының, балалар мен ересектердің оқу орталықтарының, оңалту орталықтарының қызметіне;

Алдын ала жазылу бойынша бір адамға кемінде 4 ш. м. есебінен СПА-орталықтардың, сұлулық салондарының, шаштараздардың, косметикалық және косметологиялық қызметтер көрсететін орталықтар мен салондардың, маникюр және педикюр қызметтеріне;

Медициналық бетперде кию арқылы, алдын ала жазылу бойынша, бактерицидтті лампалар болған жағдайында жалпы сыйымдылығы 30%-дан аспайтын және 50 адамнан аспайтын жаттығу залдарының, фитнес-орталықтардың, спорт секцияларының, спорттық-сауықтыру орталықтарының қызметіне;

Мемлекеттік органдардың (ұйымдардың, кәсіпорындардың), квазимемлекеттік секторлардың, ұлттық компаниялардың, өзге де ұйымдардың, сондай-ақ қызметтері рұқсат етілген кәсіпкерлік субъектілердің қызметіне; Алайда, қызметкерлердің кемінде 60%-ы үшін (штат кестесінде 30-дан астам қызметкер болғанда) қашықтан жұмыс режимі сақталуы тиіс.

Сондай-ақ қаулыда шектеу шаралары туралы айтылған.

Демалыс және мереке күндері өңірде балалар түзету кабинеттерінің/орталықтарының, балалар мен ересектердің оқу орталықтарының, оңалту орталықтарының қызметін тоқтата тұру.

Айта кетейік, Қазақстанда өткен тәулікте пневмония және коронавирустан 7 адам көз жұмғанын хабарлағанбыз.

Сондай-ақ соңғы деректерге сәйкес, елімізде өткен тәулікте 74 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874013-atyrau-oblysynda-sekteu-saralary-zartyldy.html