RU

Қарағанды әкімінің орынбасары Жақсылық Шалабековке қандай айып тағылғаны белгілі болды

Жақсылық Шалабеков1
Жақсылық Шалабеков. Фото: gov.kz

Бір күн бұрын Қарағанды ​​қаласы әкімінің орынбасары Жақсылық Шалабековтің ұсталғаны туралы хабарланған болатын. Облыстық прокуратура оның нақты қандай күдікке ілінгенін айтты. Сондай-ақ, шенеуніктің қамауға алынғаны белгілі болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Қарағанды ​​облысы прокуратурасының мәліметінше, әкімнің орынбасары 12 қыркүйекте ұсталған.

Жақсылық Шалабеков алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адамдармен бюджет қаражатын жымқырды және жұмсады деген күдікке ілінді (ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі).

Қаражат 2018 жылы "Нұрлы-Жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлініп, Қарағанды ​​қаласындағы ірі панельді тұрғын үйлердің құрылысына бағытталды.

Мемлекетке келтірілген шығын 107 миллион теңгені құрады.

Бақылаушы органның айтуынша, сот шенеунікті екі айға қамауға алуға санкция берді.

Тергеу барысы облыстық прокуратура басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу мүдделеріне қатысты басқа ақпарат жария етілмеді.

Еске сала кетсек, Қарағанды ​​қаласы әкімінің орынбасары Жақсылық Шалабековтің ұсталғаны туралы ақпарат желіде 13 қыркүйек күні пайда болған еді.

Ол Қарағанды ​​қаласы әкімінің орынбасары қызметіне 2019 жылдың ақпанында тағайындалды. Бұған дейін ол қалалық құрылыс бөлімін басқарған.

Айта кету керек, 10 қыркүйек күні Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тимур Басаровтың 182 миллион теңге пара алды деген күдікпен қамауға алынғанын жазған едік.

Нұрлан Таубаевтың адвокаты Игорь Вранчев оның ұсталуына байланысты әлеуметтік желісіндегі парақшасында түсініктеме берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874114-karagandy-kimini-orynbasary-zaksylyk-salabekovke-kandaj-ajyp-tagylgany-belgili-boldy.html