RU

Еліміздің 4 қаласындағы арнайы операция: ҰҚК қауіпті қылмыстық топ жетекшілерін ұстады

кылм
Фото: knb.gov.kz

11 қыркүйекте ҰҚК ІІМ бірлесіп, Қазақстан аумағында ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті деп жазады KAZ.NUR.KZ ҰҚК ресми сайтына сілтеме жасап.

Ресми деректерге сүйенсек, қорқыту, рейдерлік және қару саудасымен айналысқан "Әлібековтер", "Ибрагимовтер" және "Махмудовтар" ұйымдасқан қылмыстық топтарының аса қауіпті әрекеттерінің бір мезгілде жолы кесілген.

Ұстау операциясына "А" және "Бүркіт" арнайы жасақтары қатысқан.

Арнайы операция кезінде Нұр-Сұлтан, Қостанай, Алматы және Ақтөбе қалаларында аталған топтардың 15 жетекшісі мен мүшелері ұсталған.

Олардың бірі Ресей Федерациясында бандитизм мен адам өлтіргені үшін халықаралық іздестіруде болған.

Атыс қаруының, оқ-дәрілер мен гранаталардың арсеналы алынғаны хабарланды.

Ұсталғандар Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалып, қолда бар дәлелдемелерді бекіту және қылмыстық әрекеттің өзге де эпизодтарын анықтау бойынша тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

ҰҚК хабарлауынша, карантиндік шектеулер жағдайында қылмыстық топтар өздерінің қылмыстық белсенділігін төмендетпей, экономикалық қиындыққа тап болған кәсіпкерлерден қорқытып алумен және рейдерлікпен айналысуды жалғастырған.

"Осы жағдайларда ел басшылығы құзыретті органдар үшін бейбіт азаматтарға бандиттік элементтер тарапынан қауіп-қатерлерді жою, қоғамның 90-шы жылдардағы "рэкетирлікке" қарай құлдырауына жол бермеу бойынша міндеттерді басымдылықтар қатарына қойып отыр", - делінген хабарламада.  

Арнаулы қызметтер мен полиция қылмыстық топтардың жоспарлары мен ниеттерін анықтау және оның жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс істеуді жалғастыруда.

Еске сала кетсек, кеше ішкі істер министрлігі қыздарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды шетелге алдап апарып, сексуалдық мақсатта пайдаланған қылмыстық топтың әрекетін әшкерелегені хабарланды.

Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстанда жалған шот-фактуралар шығарумен айналысып келген қылмыстық топ құрықталған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874124-elimizdi-4-kalasyndagy-arnajy-operacia-kk-kauipti-kylmystyk-top-zeteksilerin-stady.html