RU

Шымкент әуежайында екі азаматты рейстен түсіріп жіберді

Fly Arystan1
Көрнекі фото: sputniknews.kz

Көлік полицейлері Шымкент әуежайында әкімшілік құқықбұзушылық жасаған екі азаматты әуе рейсінен түсірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Көлік полициясы департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың 12 қыркүйегінде, сағат 23:55-те Шымкент қалалық әуежайының Желілік полиция бөлімшесіне "Fly Arystan" әуекомпаниясының өкілінен "Шымкент-Нұр-Сұлтан" бағытындағы рейстің салонында құқықбұзушылардың бар екендігі туралы хабарлама келіп түскен.

Көлік полицейлері тексеру барысында орын үшін туған қақтығыс кезінде өздерін дөрекі ұстап, қоғамдық орында балағат сөздер айтқан 34 және 40 жастағы екі азаматты анықтайды.

Акт бойынша екеуі де жоғарыда көрсетілген әуе кемесінен түсірілген.

"Аталған факт бойынша ҚР ӘҚБтК-нің екі бірдей бабымен, атап айтқанда ҚР ӘҚБтК-нің 434 бабы 1 бөлігімен яғни, ұсақ бұзақылық және ҚР ӘҚБтК-тің 566 бабымен яғни, әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды",– делінген хабарламада.

Құқықбұзушыларға әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу бойынша 3 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Ұсақ бұзақылық бойынша материал Шымкент қалалық мамандырылған ауданаралық сотына жолданды.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері көлік полицейлерімен түрлі құқықбұзушылықтармен 30 000-нан аса азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ұсақ бұзақылық үшін – 500 азамат.

Айта кету керек, ұшаққа отыру кезінде маска тағудан бас тартқаны үшін Украина азаматына айыппұл салынған еді. Ол енді 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі керек.

Оған қоса, бұған дейін Алматыдан Семейге ұшатын рейс өз уақытынан 40 минутқа кешіккен болатын. Белгілі болғандай, бортта басқа рейстің жолаушысы болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874157-symkent-uezajynda-eki-azamatty-rejsten-tsirip-ziberdi.html