RU

Құлсарыда жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен фермер өлі күйінде табылды

шаруа 1
Нұралы Нұртілеуов. Фото: azh.kz

Құлсарыда жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен фермердің денесі табылды. Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

47 жастағы шаруа қожалығының басшысы Нұралы Нұртілеуов 6 қыркүйекте бір үйір жылқысын іздеуге мотоциклмен кетіп, содан бері байланысқа шықпаған.

Бұған дейін фермердің туыстары жиналып, ер адамды жергілікті мал ұрылары өлтіруі мүмкін екенін айтқан.

Облыстық полицияның хабарлауынша, ер адамның жоғалғаны туралы арыз түскен соң жедел тергеу тобы құрылған. Оның құрамына өңірлік полиция департаментінің қызметкерлері кірген.

Сондай-ақ, Нұралы Нұртілеуовті іздеу жұмыстарына полицейлер, ТЖД өкілдері мен еріктілер де қатысқан.

14 қыркүйек күні таңертең Құлсарыдан 100 шақырым жерде, тереңдігі 15-20 метр шұңқырдан марқұмның денесі табылған. Фермерді өлтірген болуы мүмкін күдікті қолға түскен.

Ол Жылыой ауданының 38 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам бұрын сотты болған. Тергеу жалғасуда, тәртіп сақшылары болған оқиғаның мән-жайын анықтау үстінде.

Еске сала кетсек, елу шақты адам Жылыой ауданы әкімдігі маңына жиналған еді. Олар жергілікті полиция Нұралы Нұртілеуовті іздемей жатқанын айтып, шағымданған.

Тұрғындар әкімдік ғимаратының алдына "Қылмыскерді табыңдар", "Жылыойдағы бассыздық Елбасына жолдансын", "Құзырлы органдар жұмыс істесін" деген жазуы бар плакаттармен жиналған.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысында жоғалған 14 жасар қыз аман-есен табылғанын жазған болатынбыз.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1874221-klsaryda-zmbak-zagdajda-zogalyp-ketken-fermer-li-kjinde-tabyldy.html