RU

Тоқаев Сума Чакрабартиді не үшін өз кеңесшісі еткенін түсіндірді

Сума Чакрабарти
Фото: Anadolu Agency / Contributor / Getty Images

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сума Чакрабартиді Президентінің экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі ретінде тағайындауының себебін түсіндірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Сайтта жарияланған ақпаратқа сәйкес, кеңес құрамына Еуропалық қайта құру және даму банкінің экс-президенті (2012-2020 ж.ж.) Сума Чакрабартиді енгізу Президент жанындағы жоғары кеңес жұмысының тиімділігін арттыру мақсатын көздейді.

Чакрабарти - Ұлыбритания мемлекеттік қызметі жүйесіндегі ірі реформаларды әзірлеуде тәжірибесі мол дамушы нарықтар мәселелері бойынша маман. Ол Орталық және Шығыс Еуропа елдеріне техникалық көмек бағдарламасы – британиялық «ноу-хау» қорының дамуында негізгі рөл атқарды.

Чакрабарти Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшысы ретінде аталмыш қаржы институтын ауқымды жаңғырудан өткізді. Өзі басшылық еткен жылдары бұл мекеме Қазақстанға 9 млрд доллар көлемінде инвестиция салды. ЕҚҚДБ мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті, «жасыл экономика» мен шағын және орта бизнесті реттеу мен дамытудың жаңа тәсілдерін әзірлеуде маңызды консультативтік көмек атқарды.

Чакрабарти Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшысы болған кезде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің тең төрағасы болды.

Еске салсақ, Мемлекет басшысының 14 қыркүйек күнгі Өкімімен Чакрабарти Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалған болатын.

Бұған дейн аталмыш қызметте Олжас Құдайбергенов отырған болатын. Дегенмен ол шілде айында штаттан тыс кеңесші қызметінен босатылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874244-tokaev-suma-cakrabartidi-ne-sin-z-keessisi-etkenin-tsindirdi.html