RU

Туған күнін тойлаған маңғыстаулық шенеунікке қандай жаза қолданылды

тойшыл қауым
Видеодан кадр: telegram.org/yyedilov

Туған күнін атап өтіп, видеосы көпшілікке тарап кеткен мемлекеттік қызметкердің қандай жазаға тартылғаны белгілі болды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Әлеуметтік желіде жарияланған кадрларда жаппай іс-шара өткені көрсетілген. Көпшіліктің басын қосып, туған күнін тойлаған Маңғыстау облысы экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы екені хабарланды. Шенеунікке карантиндік шектеулер кедергі келтірмеген.

Облыстық әкімдіктің Lada.kz басылымына хабарлауынша, видео пайда болғаннан кейін шенеунікке сөгіс жарияланған. Мұндай жарлықты өңір басшысы шығарған.

Ведомствоның түсіндіруінше, ролик 13 қыркүйекте экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының ұжымы табиғатқа шыққан кезде түсірілген. Бұл басшының туған күнімен тұспа-тұс келген. Жексенбі күні 25 қызметкер өз еріктерімен табиғат аясына шыққаны айтылған.

Әлеуметтік желіде жарияланған видео негізінде басшы Марина Әлібекова санитарлық ережелерді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оған 30 АЕК айыппұл салынған, алайда ол бірден төлегендіктен екі есеге қысқарған. Яғни Марина Әлібекова 15 АЕК (41 670 теңге) төледі.

Еске сала кетсек, кеше Маңғыстауда лауазымды шенеуніктің көпшілікпен бірге туған күнін атап өткені хабарланған еді.

Айта кетсек, тамыз айында Өскемен әкімдігінің қызметкерлері видео-эстафета ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны хабарланды. Оған оннан астам адам қатысқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874310-tugan-knin-tojlagan-magystaulyk-seneunikke-kandaj-zaza-koldanyldy.html