RU

29 пәтер мен 15 көлік: "Гарант 24", "Выгодный займ" басшыларынан не тәркіленді

ломбардтар
Фото: Sputnik / Абзал Қалиев

ІІМ өткен онлайн брифингте қазіргі таңда алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс жүріп жатқан "Гарант 24", "Выгодный займ" және "Estate Ломбард" ломбард басшыларының тәркіленген мүлкі туралы айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділовтың ақпаратынша, аталған ломбардтардың үстінен 17 000 шағым түскен. Азаматтарға келтірілген шығын 22 млрд теңгені құраған.

"Ұйым жетекшілеріне қатысты 32 қылмыстық іс тіркелді, 51 аадм жауапқа тартылуда, 7 күдікті іздеуде. Естеріңізге сала кетейін, тергеу шеңберінде күдіктілерді Қазақстаннан тысқары жерлерде ұстау бойынша бұрын-соңды болмаған шаралар қолданылды.
3 күдіктіні Молдова, Ресей, Қырғызстаннан Ұлттық ұланның арнайы борты жеткізді. Тергеу амалдары жүргізілуде", - деді Әділов.

Күдіктілерден 70 млрд теңге қолма қол ақша мен әртүрлі мүлік алынған. Әділовтың баяндамасында 15 автокөлік, 2 өзі аударғыш жүк машинасы, 2 автокран, снегоход, 29 пәтер, 6 үй, 3 жер учаскесі, 5 автотұрақ орны, 1 бильярд кафе көрсетілген.

Мүліктің жалпы бағасы 2 млрд теңгеге бағаланып, тәркіленген.

"Зардап шеккендерге қайтарып беру үшін мүліктердің тағдыры сотта шешіледі", - деді ІІМ тергеу басқармасының басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, Адматы қаласының полиция қызметкерлері 22 ақпан күні "Гарант 24 Ломбард" пен "Estate Ломбард" филиал директорларын қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен ұстады.

Сондай-ақ, бұған дейін "ESTATE Ломбард" құрылтайшысы Қырғызстанда, "Гарант 24" ломбардының иесі Кишиневте, "Выгодный займ" компаниясының құрылтайшысы Ақтөбеде ұсталғаны хабарланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874332-29-pter-men-15-klik-garant-24-vygodnyj-zajm-bassylarynan-ne-trkilendi.html