RU

Шығыс Қазақстанда 7 жасар баланың өліміне күдікті тұтқындалды

түрме 123
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданы Зубовск ауылында 7 жасар баланы өлтірді деп күдіктелген азамат сот санкциясымен қамауға алынды. Бұл туралы ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның мәліметінше, ҚР ҚК-нің 99-бабы 3 бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды өлтіру) бойынша тергеу жүргізілуде.

"Алтай ауданының тергеу соты күдіктіге қатысты "2 айға қамауға алу" түріндегі бұлтартпау шарасын бекітті", – деп мәлімдеді өңірлік ПД баспасөз қызметі.

Қамауда ұстау мерзімі 30 қазанда аяқталады.

Еске сала кетсек, жеті жастағы баланың ата-анасы оның жоғалып кеткені жөнінде полицияға 30 тамыз күні хабарлаған. Олардың сөзінше, бала әдеттегідей велосипед тебуге шығып кеткен. Алайда, біраз уақыттан соң оны таппай қалған. Ата-анасы өздігімен іздеу жұмыстары нәтиже бермегеннен кейін, тәртіп сақшыларына жүгінген. Хабар түсісімен "Дабыл" белгісі жарияланып, полицияның барлық жеке құрамы, волонтерлер, сондай-ақ ауыл тұрғындары баланы іздеустіруге кірісті.

Кейіннен өңірдің полиция департаменті 7 жасар баланың өлі күйінде табылғанын хабарлады.

Ведомство мәліметінше, іздеу жұмыстары тоқтатылған. Зорлық-зомбылықпен өлтіру белгілері бар ұл баланың денесі Зубовск ауылына жақын жерден табылды. Тәртіп сақшылары күдікті ретінде ауыл тұрғынын ұстады. Оны соңғы рет баланың жанында көргендер бар.

"Аталған факті бойынша "Кісі өлтіру" бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу іс-шаралары барысында күдіктіден қылмысты мойындау жауабы алынды. Ол Алтай аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау абақтысына қамалды", - делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874373-sygys-kazakstanda-7-zasar-balany-limine-kdikti-ttkyndaldy.html