RU

"Айтқанымнан бас тартпаймын": Полиция Қуат Хамитовты босатты

Фото
Фото: Марат Қалдыбаев

Алматы қаласының полициясы аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитовтан жауап алған соң, оны үйіне жіберді деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Атақты спортшы полиция департаменті ғимаратынан шыққан соң, қолдау жасаған барша ел тұрғындарына алғысын жеткізді.

"Біріншіден халыққа, жанкүйерлеріме, қолдау білдірген журналистерге алғыс білдіремін. Ешқандай қысым болған жоқ, қазір бостандықтамын. Мен халықтың адамымын, өз ой-пікірімді бөлісіп отырамын. Өз азаматтық позициямды ел атынан білдіріп отыратын кездер де болады.

Мен қашанда өз айтқанымда тұрамын. Ойым өзгерген жоқ. Бірақ ешкімді атып-қырудың қажеті жоқ. Ауылда бұрын таспен, таяқпен ататын. Ата-апаларымыз айтып отыратын. Бірақ ешкімді атудың қажеті жоқ. Ойым, ісім халықпен бірге. Егер бірдеңенің халыққа зияны тисе, халықтың атынан сөйлеймін", - деді Қуат Хамитов.

Аралас жекпе-жек шебері бірнеше күннен соң қосымша мәлімдеме жасайтынын жеткізді. Ол қазір жаттығу жүргізіп жатқанын, екі аптадан соң Мәскеуде Олег Косинов есімді спортшымен айқас өткізетінін атап өтті.

Алайда қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтана Әзірбек халықты зорлық-зомбылыққа шақырған Хамитовқа байланысты істің тоқтамағанын білдірді. Оның сөзінше, тергеу жалғасады және күдіктінің іс-әрекетіне қатысты сараптама жүргізіледі. 

"Азамат Хамитовтің іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 272-бабы 3-ші тармағы бойынша  саралануда. Қазір Алматы қаласы полиция департаменті тергеу басқармасында қылмыстық іс тергеліп жатыр. Хамитов сұраққа алынды. Барлық тергеу амалдары мен процессуалдық әрекеттерді жүргізіп болған соң, қылмыстық іс бойынша шешім қабылданады(, - деді Салтанат Әзірбек.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Алматы полициясы Қуат Хамитовты қамауға алғанын жазған едік.

Кейінірек ішкі істер министрлігі атақты спортшы, аралас жекпе-жек шеберінің ұсталуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Нұрділдә Ораз онлайн брифинг барысында айтты.

"Бұл азамат әлеуметтік желі арқылы азаматтарды заңсыз әрекеттерге үндейтін видео жариялаған. Бұл - тікелей заң бұзушылық. Мұндай әрекеттерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ішкі істер министрлігі жалған ақпараттарды таратпауға және ресми дереккөзге сенуге шақырады", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874388-ajtkanymnan-bas-tartpajmyn-policia-kuat-hamitovty-bosatty.html